Алматыда карантин режимінің сақталуы қатаң бақылауға алынды

13.10.2020 02:09

Алатау ауданында демалыс күндері рейдке 3 бірдей тексеруші топ шығып, қоғамдық орындарға бақылау жасады

almaty.tv

Алматыда карантин режимінің сақталуы қатаң бақылауға алынды. Осы орайда қаланың әр ауданында құрылған мобильді топтар өз жұмысына білек сыбана кірісті. Бір ғана Алатау ауданында демалыс күндері рейдке 3 бірдей тексеруші топ шығып, қоғамдық орындарға бақылау жасады. Олар қалалық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың дұрыс сақталуын Almaty.tv тілшілерімен бірге қадағалады.

Мобильді топ демалыс күндері «Алатау» дәстүрлі театрының аумағында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барып, мұндағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауға алды. Олар келушілер арасында бетперде тақпай, арақашықтықты сақтамай жүргендерге ескерту жасап, бетпердесі жоқтарға маска таратты.

«Қоғамдық орындарда, жәрмеңкелерде, қоғамдық көліктерде, аялдамаларда бетпердені міндетті түрде тағып жүру керек екендігі туралы профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Қазіргі таңда қауіпті індеттің таралуына, өршуіне байланысты оның алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргіздік», – деді Алатау ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкері Исатай Дәріқұлов.

Арнайы құрылған мобильді топ жәрмеңкеден кейін аудандағы ірі сауда орталығына бас сұқты. Ондағы тәртіпті де бақылап, санитарлық бақылаудың күшейтілгенін тағы бір ескертті.

«Біз Сабыржан супермаркетіне карантин режимінің талаптарының сақталуын бақылау үшін келдік. Мұнда барлық тәртіп қатаң сақталады екен. Жәрмеңке ашық ауада өткеннен кейін көбі маска тағу режимін бұзған болса, мына сауда орнында ондай олқылықтар орын алған жоқ. Келушілер маскамен кіріп, маскамен шығып жатыр», – деді Алатау ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы бөлімінің жетекшісі Ләйлә Тойшиева.

Бұдан кейін тексеруші топ қоғамдық көліктердегі жағдайды бақылауға кірісті. Мұнда да біршама тәртіп бұзушылықтар анықталды.

Дегенмен әкімдіктегілер бірден әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салуды мақсат тұтпайды, олар бастысы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет дейді. Қазір ауданда 3 мобильді топ жұмыс істейді.

«Алматы қаласында қазір карантин шаралары күшейтіліп жатыр, соған байланысты әзірше 3 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Бірақ алдағы уақытта жағдай күрделенетін болса, біз мобильді топтардың санын 10-нан аса көбейту жоспарда бар», – деді Алатау ауданы қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бектас Сәбитов.

Жалпы Алатау ауданында наурыз айынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық ісіне қатысты 425-бап бойынша 377 әкімшілік хаттама толтырылыпты.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы