Сондай-ақ қалада газбен жүретін 300 жаңа автобус сатып алынбақ
Биыл жалпы ұзындығы 221 шақырым болатын 224 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Оның 23-і – магистралды жол. Бұл туралы қалалық мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі баспасөз конференциясында сондай-ақ, 2009 жылдан бері жөндеу көрмеген Розыбакиев көшесінің жайы да сөз болды. Басқарма басшысы қазір бұл көшеде инженерлік желілер мен жылу жүйелері бойынша жұмыс істеліп жатқанын айтты.
«Барлық жұмыс бүгінгі таңда бітті деп есептеп отырмыз. Осы жылы Розыбакиев көшесін әл-Фараби даңғылынан Райымбек көшесіне дейін толық орташа жөндеуден өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – деді қалалық мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов.
Бұдан бөлек, қалада асфальттың жұмыс температурасын ұзақ мерзімде сақтау мақсатында 5 дана арнайы техника алынған. Ал көпті толғантқан Абай мен Гоголь көшелеріндегі қоғамдық көліктердің басым көпшілігі қазір магистралды бағыттағы қозғалысқа ауысқан.
«Қалада газбен жүретін 300 жаңа автобус аламыз. Бұл көшелердің бойында жаңа маршруттар ашуды жоспарлап отырғанымыз жоқ. Бірақ жүріп тұрған маршруттар бойынша автобустар санын көбейтсек, халыққа қызмет көрсету бағытында көмегін тигізеді деп ойлаймын», – деді Ғани Мырзаханов.