Сиверс алмасын сақтау арқылы, жүйелі түрде барлық жеміс түрін қорғай аламыз – ботаник

08.09.2021 21:39

Жобаның басты мақсаты – Сиверс алмасы тұқымының жойылып кетпей, қорының көбеюіне ерекше көңіл бөлу

Сиверс алмасын сақтау арқылы, жүйелі түрде барлық жеміс түрін қорғай аламыз. Бұл – жас алматылық ботаник Тамерлан Әсетұлының пікірі. Ол ежелгі алманы жаңғырту жобасының аясында тура бір аптадан кейін Аюсай шатқалына ағаш отырғызу акциясын өткізбек. Тамерланның игі бастамасын қала тұрғындары да қолдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Сиверс алмасын ең алғаш рет 1973 жылы орыс ботанигі Иоганн Сиверс зерттеді. Археологиялық ізденістерге сүйенсек, жемістің бұл түрі осыдан 165 миллион жыл бұрын пайда болыпты, яғни, динозаврлар дәуірінен бері жеміс беріп келеді. Алып шаһар Алматының символына айналған алма бақтарының саны қазір айтарлықтай азайып кеткен. Қаламыздың көркіне айналған жемістің кейбір сорттары тіпті жойылудың нақ алдында тұр. Бұған іштей қынжылған мектеп оқушысы Қызыл кітапқа енген Сиверсты қайта жаңғыртпақ ниетте.

«Менің ата-әжем, ата-анам, Алматының гүлденген, ерекше қала екенін ес білгелі айтып келеді. Мен әлемдегі ең сұлу қалада өстім. Қазір сүйікті шаһарымды бұрыңғы қалпына келтіріп, алма бақтарын жандандырғым келеді», – деді жобаның негізін қалаушы Тамерлан Шыңғысов.

Жер бетіндегі бүкіл алманың атасына баланған бұл  жеміс Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь-Шань және Тарбағатай тауларының жоталарында өседі. Ағаш биіктігі теңіз деңгейінен 800 метрден бастап, 1200 метр биіктікке дейін бой көтереді екен. Жабайы алма деп есептелетін Сиверс алмасы ішек қарын, авитаминоз ауруларына ем болып табылады.

Жобаның басты мақсаты  Сиверс алмасы тұқымының жойылып кетпей, қорының көбеюіне ерекше көңіл бөлу. Кез келген қала тұрғыны ағаш отырғызып, алма ағаштарын сақтауға өз үлесін қоса алады деген идеяға негізделген. Мұнымен қоса, ағаштарды отырғызу көрікті қала Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға да көп көмегін тигізеді. Ұлының игі бастамасын естіген анасы ойланбастан қол ұшын созуға келіскен.

«Сиверс алмасы – бүкіл алманың атасы. Егер ол гүлдесе, қаншалықты әдемі болатынын елестетіңізші. Егер Жапонияға «Сакура» гүлдерін көру үшін туристер барса, неге біз Сиверс гүлдерін өз еліміздің брендіне айналдырмаймыз? Әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келіп, бұл сұлулықты біздің елімізден ғана көре алады», – деді Т. Шыңғысовтың анасы Мадина Матақова.

Талабы биік жас өреннің бұл бастамасы кімді болсын елең еткізбей қоймайды. Жоба ұйымдастырушылары қыркүйектің 15-і күні ағаш отырғызу акциясын бастамақ. Олар қала тұрғындарын өз қатарына қосып, әсем қаланы одан әрі гүлдендіруге шақырады.

Таңелі Есіркепова, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеларнасы.