|
26.04.2024 | 16:40
908

Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Қала басшысы әкімдіктің жауапты бөлімшелеріне бірқатар тапсырма берді

Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Жиынға Алматы әкімі Ерболат Досаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Бәшімов, орталық және жергілікті аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Отырысты ашқан мегаполис басшысы Антикормен бірлесіп Алматы тау бөктеріндегі құрылыс саласына сыртқы талдау жүргізілгенін атап өтті. Осы салада сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін іс-шаралар кешені іске асырылып жатыр.

Заңнамадағы олқылықты жою үшін қала әкімдігі «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашылық жасады. Осылайша, қала құрылысын бақылау басқармасы нысандардың сейсмикалық аумақтағы құрылыс талаптарына сәйкестігін тексере алады. Сондай-ақ басқарма ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін тексеру барысында күрделі нысандарға ҒЗИ-ын тарта алады.

Мәжілісте нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде қала құрылысын бақылау органдарының қатысуын міндеттейтін норма енгізілген құрылыс кодексінің жобасы қаралады.

Қала әкімдігіне Алматы аумағында құрылыс салу қағидаларын бекітуге құқық беретін заңнамалық өзгерістер бойынша ұсыныстар енгізілді. Оларда қауіпсіздіктің белгіленген деңгейін қамтамасыз ету үшін сейсмикалық төзімділік талаптары белгіленеді. Бұл ұсыныстар қолдау тауып, Мәжілісте қарастырылып жатыр.

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин баяндамасында хабарлағандай, тау бөктеріндегі аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын (ЕТЖ) заңсыз өзгерту фактілерінің жолын кесу, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, құрылыс пен бақылау қызметін жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді болдырмау бойынша шаралар қабылданды. Мемлекеттік қызметті цифрландыру кезінде және жерді мемлекет қажетіне алу кезінде тәуекелдер жүйелі түрде жойылады. Егер ЕТЖ-да өзгеріс немесе толықтыру не әкімдік қаулысы болмаған кезде қаланың цифрлық картасын өз бетінше өзгертудің техникалық мүмкіндігі алынып тасталады.

Жиын соңында Ерболат Досаев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық алғышарттарының тиімді алдын алу және жою жөніндегі кешенді жұмыс жалғасатынын және тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Қала басшысы әкімдіктің жауапты бөлімшелеріне бірқатар тапсырма беріп, Алматыда, әсіресе тау бөктеріндегі аймақта құрылыс сапасы мен азаматтардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың сақталуы басты басымдықтардың бірі болып табылатынын айтты.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Таза қасбеттер» акциясына 1600-ден астам бизнес өкілдері қатысты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир