Қала күні қарсаңында мегаполисте халықаралық InterContinental Hotels Group қонақүйінің желісі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үш жұлдызды Holiday Inn Express қонақүйі меймандарға жоғары деңгейдегі қызмет көрсетіп, жайлы орындар ұсынады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бөлмелер де қарастырылған. Бөлмелердің қызмет көрсету сапасы мен жайлылығы IHG стандарттарына сай.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев нысанның ашылуы қаланың туристік инфрақұрылымының дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Бұл жоба мегаполистегі нөмірлік қорды 184 нөмірге арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Алматы – елге келетін туристер саны бойынша қазақстандық басқа қалалардың арасында көшбасшы. Тек осы жылдың алғашқы екі тоқсанында қалаға жарты миллионнан астам турист келді.
Кездесулер, іскерлік конференциялар өткізу үшін қонақүйде жалпы алаңы 99 ш.м. 3 конференц-зал бар. Қонақүй қаланың орталық бөлігінде орналасқан, метро станциялары, СОСО және саябақ аймақтары қолжетімді. Жобаға 4,3 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны құрылды.