Бұл туралы Ерболат Досаев 20 минуттық баяндамасында айтты
Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Ерболат Досаевтың 20 минуттық баяндамасынан кейін сұрақ-жауап сессиясы басталды. Жалпы қала әкіміне сауал қою үшін 40-қа жуық журналист тіркелген екен. Әр тілші екі сұрақ жолдап, мегаполистегі мәселелер туралы ақпарат алды. Almaty.tv тілшісі Өмір Серікбекұлы да бұл брифингке қатысқан еді. Қандай маңызды мәселелер көтерілгенін, қоғамды нендей сұрақ мазалайтынын Almaty.tv телеарнасының тікелей эфирінен біле аласыз.
Алматы әкімі Ерболат Досаевқа қойылған алғашқы сауал «Қайрат» футбол клубының тағдыры жайлы болды. Себебі, осыған дейін спорт ұжымы қаланың балансына алынатыны туралы ақпарат болған еді. Алайда қала басшысы клубты коммуналдық меншікке алу күн тәртібінде тұрған жоқтығын кесіп айтты. Бұдан бөлек қаладағы заңсыз құрылыс туралы тілшілер сауал жолдады. Алматыда қазір жаңа құрылыс пайда болып жатқан жоқ екен. Ал құжаты дұрыс емес компаниялар олқылықтың орнын толтырып жатса, кейбіреуін сүру мәселесі қарастырылып жатыр дейді әкім.
«Биыл Президент Алматыдағы 19 құрылыс бойынша тапсырма берген болатын. Бұл мәселе толығымен шешімін тапты. Яғни, мердігерлер жобаларын өзгертті, кейбір жерлерді коммуналдық меншікке алдық. Осы жылдың мамыр айында қаланың бас жоспары бекітілген болатын. Бұл құжат өзгертілмейтін болады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Қазақстандағы жоғары оқу орындарының басым бөлігі Алматыда орналасқан. Жыл сайын мыңдаған жас мегаполиске ағылып келеді. Қалада 25 мың студентке орын тапшылығы бар екен. Әкімнің айтуынша, жеке меншік жоғарғы оқу орындары ақылы түрде көптеген студенттерді қабылдағанның кесірінен де тапшылық қатты сезіледі екен. Сондықтан әкімдік инвесторларды көптеп тартып жатырмыз дейді.
«Жеке инвесторларды тартқан болатынбыз. Осы жылдың соңына дейін 3 500 жаңа орын ашамыз. Одан басқа ЖОО-лар жатақханалармен шартқа қол қойып жатыр. Өйткені күзде келген жаңа студенттерді қабылдау үшін арнайы штаб құрдық. Менің орынбасарым Арман Қырықбайұлы соны бастап отыр», – дейді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жалпы, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың брифингі 2 сағаттан аса уақытқа созылды. Осы аралықта 40-қа жуық журналист 80-нен аса сұрақ қойды. Тілшілер сауалдарын онлайн түрде модератор арқылы да жолдап жатты.