Алматылық оқушылар 2000-нан астам қызғалдақ отырғызды

23.04.2024 21:47

Наурызбай ауданының 3 мектебінің аумағында жылыжай бар

Almaty.tv

Алматылық оқушылар шағын сәулет нысандарын жасап, түрлі сортты 2000-нан астам қызғалдақ отырғызды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Наурызбай ауданының мектеп оқушылары ата-аналарымен және мұғалімдерімен бірге оқу орындарының аумағында түрлі сортты 2000 қызғалдақ отырғызды. Іс-шараға белгілі әнші Талғат Жорабаев қатысты.

№157 мектепте ересектер мен балалардың экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған «Қоқыстың екінші өмірі» байқауы өтті. Оқушылар шағын сәулет нысандарын жасап, оларды түрлі-түсті гүлдермен безендіріп, ертегі мен мультфильм кейіпкерлерін өз туындысының кейіпкеріне айналдырды.

Наурызбай ауданының 3 мектебінің аумағында жылыжай бар. Олардың барлығы заманауи тамшылатып суару, жылыту және жарықтандыру жүйелерімен жабдықталған. Жылыжайда жұмыс істеу мектеп бағдарламасын тәжірибелік сабақтармен толықтыруға және мұғалімдерге қызықты факультативті сабақтар өткізуге мүмкіндік береді, онда оқушылар жидек, көкөніс мен жасыл желекті өздері өсіреді. Осылайша балалардың экологиялық танымы кеңейеді.

Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.

Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.

Науқанның белсенді қатысушыларына арналған әлеуметтік желідегі хэштегтер: #АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз.

Оқи отырыңыз: Алматы – біздің ортақ үйіміз: өнер тарландары сенбілік өткізді