Алматы қоқыстан тазартылып, инфрақұрылымы қалпына келтіріліп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Шаһарда сауда желілерінің жұмысы, базарлар мен наубайханалар жұмысы қалпына келтірілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оңтүстік астанамызда қала өмірін толықтай қалпына келтіру жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. Алматының барлық ауданында аумақты қоқыстан тазартып жатыр. Мысалы, Жетісу ауданында бұл жұмысқа 36 арнайы техника мен 120 жұмысшы жұмылдырылған. Коммуналдық қызметкерлер алматылық аулалардан мың тоннадан астам қоқыс шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мың бояулы қаланың инфрақұрылымы да қалпына келтіріліп жатыр. Мәселен, көше бойы өртеніп, қалдығы ғана қалған көліктерден тазаланып, бағдаршамдар жөнделуде. Бұған дейін тәртіпсіздік салдарынан 40-тан астам бағдаршам бүлінгені, ал оларды қалпына келтіру жұмысы 72 миллион теңгені құрайтыны айтылған болатын.  

«Біз, алматылықтар және қоғамдық кеңес мүшелері қаланың қалпына келуі үшін қолдан келген көмекті бергіміз келеді. Осылайша, шаһарды тазарту жұмыстарын қолдап, әсем қаламыздың көркін қалпына келтіруге атсалысамыз», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Кисиков.

Қаланы тазартудан бөлек, сауда-саттықпен қамтамасыз ету жұмыстары да бақылауда. Шаһарда сауда желілерінің жұмысы, базарлар мен наубайханалар жұмысы қалпына келтірілді. Алайда супермаркеттер төтенше жағдайға байланысты таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Қала басшылығы тұрғындарды бұған түсіністікпен қарауға шақырады. Себебі мұндай шешімдер қауіпсіздікті сақтау мақсатында қабылданып отыр.

Айта кетсек, қиын-қыстау сәтте әлеуметтік осал топтар да назардан тыс қалмады. Әуезов пен Наурызбай аудандарында әкімдік қызметкерлері және еріктілер, сондай-ақ кәсіпкерлер жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратты.  

«Қазіргі сәтте Әуезов ауданындағы «Арыстан» базары жұмыс істеп тұр. Бұл – сауда ошағы. Яғни, барлық әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы бақылауымызда. Баға өспеді, бәрі қолжетімді», – деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ринат Кенеев.  

Новости партнеров