Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасына уақытша басшы келді

15.04.2024 21:53

Еңбек жолын 2014 жылы бастаған

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен Алматы қаласы Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы лауазымын міндетін уақытша атқарушы болып Батырхан Сүлейменов тағайындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Батырхан Сүлейменов 1992 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 2015 жылы Ұлыбританияның Кардифф Метрополитан университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2014 жылы бастаған. Әр жылдары коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2017 жылы құрылыс компаниясында Бас директор болып жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап қазіргі тағайындауға дейін Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары болған.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында жаңа сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармалары бекітілді. Жаңа құрылымдар аудандық әкімдіктердің басқа басқармаларын, аппараттарын оңтайландыру есебінен қалыптасады және штатты көбейтуді көздемейді.