Жайнап, жарқырай бер, Алматы!

19.09.2021 21:54

Бейнероликтен соңғы уақыттары салынған жаңа ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды көруге болады

Almaty.tv.

«Алматы» телеарнасы қала күні құрметіне орай арнайы имидждік телевизиялық бейнероликті ұсынады.

Бейнероликтен әлемді дендеген пандемияға қарамастан қаланың даму қарқыны, әлеуметтік әрі адами бет-бейнесін көруге болады. Әсем қаланың таңмен таласа басталатын қызу тіршілігі мен даму үрдісі таспаға түзілген. Жаңа Алматы тарихи құндылықтарды сақтай отырып, жаңарып жатыр. Бейнероликтен соңғы уақыттары салынған жаңа ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды көруге болады. 

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен күн сайын өзгерген қала келбеті көз қуантады. Жаңа нысандар мен тұрғын үй кешендері салынуда. Орталық көше – магистральдар жаңа келбетке ие болуда. Жол - көлік инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Күрделі жөндеуден өтіп, қайта салынып жатқан көпірлер тұрғындар қуанышына айналды. 

Сәулетшілер, инженерлер, құрылысшылар, жол салушылар мен коммуналдық қызмет өкілдері қаланың жаңаша бағытта дамып, өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді.

Роликте шаһарда пайда болған жаңа демалыс аймақтары, қалпына келтірілген су бұрқақтар, ерекше стилде абаттандырылған скверлер мен саябақтар қамтылған. Тұңғыш Президент паркі, қалалықтар демалып, спортпен айналысатын Медеу ауданындағы «Терренкур» жаяу жүргіншілер аймағы, Түрксіб ауданындағы «Желтоқсан» саябағы  және басқа да жаңадан салынған арнайы қоғамдық орындар бар.   

Алматылықтардың рухани - мәдени демалыс орнына айналған Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театры айналасындағы кеңістік тарихи - архитектуралық сәулет стилі сақтала отырып, жаңартылды. 

Тарихи сәулет ансамблі сақтала отырып «Неделька»  су бұрқағы қала күніне орай қалпына келтірілгені де өте қуаншыты. 

Алматы - еліміздегі ең ірі мегаполис.  Қалада екі миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Бұл - қаланың әлеуметтік - демографиялық статусын одан әрі нығайтып отыр. 

Алматы - қазақ елінің ынтымағы мен бірлігі, татулығы мен тірлігіне негіз болып отырған көпұлтты қасиетті мекен. Экономикалық жағынан серпінді түрде дамып келе жатқан ауқымды қала.  Жас таланттар шоғырланған, шығармашылық ортасы берік, креативті идеялар жүзеге асатын шексіз мүмкіндіктер қаласы. Шаһарды осы бағытта дамыту қала әкімдігінің әрдайым назарында.

Бейнеролик алматылықтардың сағыныш әніне айналған қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары Е. Серкебаев, Е. Хасанғалиев, Л. Кесоглу және т.б. майталмандардың Алматы туралы ретро - шығармаларының негізінде жаңа стилде жасалған музыкалық әрлеу арқылы көрерменге ұсынылып отыр.

Туған күніңмен, Ару –Алматы!