Бразилияда өткен XXIV ойында Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңді
Алматы әкімі Ерболат Досаев Сурдлимпиада жеңімпаздарына баспана сертификатын табыс етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматыда 2022 жылғы Сурдлимпиада жеңімпаздары марапатталды. Алматы әкімі Ерболат Досаев 24-ші Сурдлимпиада жүлдегерлерін марапаттады.
Грек-рим және еркін күрестен бірінші орын алған Хайратхаан Шонкуға қала әкімінің атынан үш бөлмелі пәтер сертификаты табысталды.
Грек-рим күресі бойынша Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері Тәжиев Асылжан 2 бөлмелі пәтерге ие болды.
Дзюдодан күміс, командалық есепте қола жүлдегер атанған Нұрмұхаммед Әлдібекке 2 бөлмелі пәтердің кілті тапсырылды.
Дзюдодан құрама сапында және командалық жарыста қола жүлдегер атанған Әсел Мақсұтова, Шаяхмет Қанапиянов, Ермек Жәнібекұлы, Асхат Адамбаевқа 1 бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді.
Жеңіл атлетикадан Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Рауан Бейсебайға 1 бөлмелі пәтер берілді.
– Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың «еліміздің көк байрағын желбіретсек» деген арманы орындалып, жетістікке жетіп отыр. Үкімет тарапынан оларға 250 мың доллар сыйақы берілді. Екінші орынға 150 мың доллар, қола жүлдегерлерге 75 мың доллардан сыйақы берілді, – деді дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Алматы спорт клубының директоры Найзабек Сағымбаев.
Еске сала кетейік 1-15 мамыр аралығында Кашиас-ду-Сул қаласында (Бразилия) XXIV Сурдлимпиада ойындары өтіп, оған 73 елден 2500 спортшы қатысты. Медальдық есепте Қазақстан 11 медаль жеңіп алып, 13-ші орынға тұрақтады. Оның ішінде: 2 алтын, 2 күміс және 7 қола жүлде. Қазақстан құрама командасында 57 спортшы бар, оның 12-сі Алматы қаласы спорт басқармасының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының спортшылары, олар спорттың 5 түрінен (дзюдо, грек-рим және еркін күрес, жүзу, жеңіл атлетика) сынға түсті.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Ақтөбе облысындағы Саржансай ауылындағы спорт кешеніне барды