Шетсіз қала: Алматыны толықтай жарықтандыру жұмыстары қалай жүзеге асуда

Шетсіз қала: Алматыны толықтай жарықтандыру жұмыстары қалай жүзеге асуда
Мегаполисте мүлдем жарық жүргізілмеген 2024 көше анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жарық қала – қауіпсіз қала. Биыл Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бекіткен «Шетсіз қала» қағидаты аясында шет аудандарды жарықтандыру жұмыстары қарқын алуда. Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып мегаполистегі мүлдем жарық жүргізілмеген 2024 көшені анықтады. Ал қаншасы жарықпен қамтылды? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап келді.

Мегаполисті толықтай жарықтандыру жұмыстары екі бағытта жүзеге асады. Биыл шеткі Алатау, Жетісу, Түрксіб және Наурызбай аудандары 1423 көшеге бағандар орнатылады. Ал қалған Алмалы, Әуезов, Бостандық, сондай-ақ, Медеу аудандарын жарықтандыру келер жылға жоспарланған.

«Осы 2020 жылы шеткі 4 ауданды жасаймыз: Алатау, Наурызбай, Түрксіб және Жетісу ауданы бойынша. Олар 1423 көше болды. Және осы бағдарлама аясында қойылып жатқан бағандардың барлығы отандық өнім және соңғы үлгідегі бағандар болып саналады», – деді қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Берден Оспан.

Қазіргі таңда 700 көшеге жарық беру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ескі жарық шамдары энергия үнемдегіш LED лампаларына ауыстырылып жатыр. Одан бөлек 160 шақырымдай кабель желілері өткізіліп, 8500-ге жуық кронштейн құрылғылары орнатылды.

Түрксіб ауданындағы мына «Шұғыла» саябағында осыған дейін кешқұрым уақытта серуендеу мүмкін емес еді. Енді, міне, заманауи бағандар орнатылып, айнала жап-жарық күйге енді. Бүгінгі таңда ауданның 60 пайыздан аса бөлігі осындай жарықпен қамтамасыз етілді.

Биылғы жылы жоспар бойынша Түрксіб ауданында 312 көшені жарықтандыру керек болса, қазірдің өзінде 17 656 баған қойылған. Сондай-ақ, кез келген аудан тұрғыны өз көшесін сәулелендіруге өтініш бере алады.

«Түрксіб аудандық әкімдігімен күнделікті жарықсыз көшелерде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Оларды анықтағаннан кейін мердігерлік компанияға кемшіліктерді түзеу туралы хат жібереміз. Сондай-ақ, әкімдіктің сайтында тұрғындар өз шағымын қалдырып, өтініш айта алады. Біз оларды міндетті түрде қараймыз», – деді Түрксіб ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Константин Воропаев.

Шаһарда тозығы шыққан жарық бағандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары да жаңғырды. Мәселен, қала бойынша 56 мыңнан аса шамды ауыстырып, кабель желілерін 2 мың шақырымға созу жоспарланып отыр.

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров