Алматы әкімдігінің қайта жаңартылған ғимаратында қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Бұл туралы Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Бұрын-соңды әкімдікте мұндай зал болмаған, сондықтан жөндеу жұмыстары кезінде біз 1-қабаттың бір қанатын арнайы бөлдік. Келуші кез келген мәселемен залға кіре алады. Күту залын кең жасадық. Әрі қарай адам бағыты бойынша талон таңдайды. Экрандарда кезек қашан келетіні көрініп тұрады. Сонымен қатар бірден кеңес беретін, егер қандай да бір шағым болса, өтінішті қабылдайтын зал бар. Бұл қоғамдық қабылдау дәл қазір мейлінше тез шешім қабылдауға бағытталған, яғни мамандар мүмкіндігінше барлық мәселені шешуге тырысады. Егер оған мүмкіндік болмаса, уақыт қажет болса, өтініш қалдырып, шешіміңізді белгіленген тәртіппен күте аласыз", - деді Б. Шаханов.
Оның айтуынша, мұнда барлық жағдай бар, баламен келгендерге ойын алаңы, экрандар, орындықтар қойылған. Ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған.
"Біз әкімдікке келетін азаматтар үшін жағдай жасауға барынша әрекеттендік.Азаматтарды қабылдау аппарат пен басқарма көшкен кезден басталады. Менің ойымша, бұған аз ғана уақыт қалды. Біз біртіндеп көше бастаймыз. Қазір кейбір қызметкерлер көшіп келді", - деді Б. Шаханов.