|
14.04.2022 | 20:04
1272

Алматыда 9 қабаттан биік ғимарат салуды шектейтін регламент енгізілмек

Бұл периметрге барлық Бостандық ауданы кіреді

Алматыда 9 қабаттан биік ғимарат салуды шектейтін регламент енгізілмек /3m2.ua/ru

Бостандық ауданында көпқабатты тұрғын үйлер салуға шектеулер қойылмақ. Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев 9 қабатты үй салмау туралы тиісті регламентті қайта қарап, мәслихатқа ұсынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді зәулім ғимараттардың орнына әлеуметтік нысандар көбеймек. Халық алдына шығып алғаш рет есеп берген әкім бүгін ең өзекті мәселелердің шешімін атады. Бостандық ауданында тұрғын үйлерді салуға қатысты түйткіл көп. Көбінде халық үйлерді бір- біріне тым жақын орналастырып салуға қарсы.  Еске сала кетейік, «Комфорт» және «Gagarin Park» тұрғын үй кешенінің тұрғындары MEGA-Almaty сауда және ойын сауық орталығы маңына тұрғын үй салуға наразылық білдірген. Мәселе шешілді. Аталған аумаққа зәулім үй емес, емхана салынады.

«Біз «Sensata Group» ЖШС-мен сөйлестік.  Бұл аймаққа жаңа емхана саламыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Тұрғын үйге қатысты сұрақтар мұнымен біткен жоқ. Халық пәтер иелері кооперативтеріне, ауланы абаттандыруға қатысты сауалын қойды. Тұрғындардың кейбірі бау-бақша серіктестік құрамынан  қалаға өткізу міселесін көтерді.

«Қарасай ауданының белгілі мөлшері қалаға тиесілі. Мен сол ауылда түрамын. 2014 жылдан бері  қаланың құрамына өттік. Салық төлейміз. Біздің ауылды қашан шағын ауданға бөледі», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Айдар Шорабек.

«Қала аумағы кеңейіп, жаңадан қосылған жерлерге қатысты сұрақтар көп, өзіңіз білесіз. Бірақ біз жұмысты бастадық. Энергетик ауылына қатысты мәселе осы жылдың соңына дейін шешіледі», – деді деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.  

Сондай-ақ Торайғыров көшесінің төменгі түсына жарық орнату туралы талабы да орындалады. Аталған аймаққа энергия көзі 1 шілдеге дейін берілетін болды. Бұдан бөлек кептеліс, жұмыссыздық, жол жөндеу сияқты көптеген мәселе қаралды. Ал мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес өкілдері жиынға келіп, аталған түйткілдерді бақылауда ұстайтынын жеткізді.

«Қала мәселелері Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің тұрақты бақылауында деп айтсақ болады. Бүгінгі айтылған мәселелерді де алдыңғы уақытта жоспарымызға енгіземіз», –  Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Барыс Жаппаров.

Еске салса кетейік, ел президенті әкімнің халықпен кездесу туралы заңнамасына өзгерту енгізіп, шенеуніктерді тұрғындармен жиі кездесуге міндеттеген еді. Ерболат Досаев өз кезегінде бұған дейін барлық ауданды аралап, көшпелі жиын өткізіп үлгерген еді. Кездесу барысында қала әкімі мегаполисте тұралаған барлық түйткілден хабары барын, оларды шешу бойынша жұмыстарды бастағанын мәлімдеді. Жалпы әкім алдағы уақытта халықпен 24 кездесу өткізбек. Ал осы сияқты жиындар барлық ауданда ұйымдастырылады.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир