Алматыда су тасқынына қатысты жағдай тұрақты - Нұрлан Атығаев

28.03.2024 22:06

Биыл қалада 16 мыңнан астам нысан сейсмикалық қауіпсіздікке тексеріледі

Almaty.tv

Биыл Алматыдағы 16 мыңнан астам нысан сейсмикалық қауіпсіздікке тексеріледі. Осы жылдың соңына дейін 1700-ге жуық тұрғын үй мен 15 мың түрлі ғимарат зерттелмек. Бұл туралы AMANAT партиясының өкілдері мен төтенше жағдайлар департаменті бас қосқан жиында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шаһарды табиғи апаттан қорғау жөнінде өткен кеңесте мәслихат депутаттары жауапты органдардың жұмысына қатысты сұрақ қойып, құзыретті мекемелердің дайындығы жайында мәселе көтерді.

– Жиында жер сілкінісінен бөлек, су тасқыны, өрт сынды апаттарға қатысты мәселелер айтылды. Төтенше жағдайлар департаменті мен сейсмология институтының өкілдерімен бірлесіп, тиісті іс-шаралар кешенін талқыладық. Бұл апатты жағдайға дайындықты арттырады, – деді AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров.

Ал төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев Алматы толық бақылауда екенін мәлімдеді. Су тасу қаупі жоқ деген ол таудағы мұздардың әлі ери қоймағанын айтты. Бірақ тексеріс жүргізіліп тұрады.

– Су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Алдағы сәуірдің ортасынан бастап қар ери бастаса, дайынбыз. Жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Оқи отырыңыз: Сұрақ-жауап: Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі