Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданындағы атқарылған жұмыспен танысу барысында бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады
Алматының Зерделі ықшам ауданында көпқабатты үйлер қала әкімдігінің толық бақылауында. Еске салайық, өткен жылы ондағы 7 үйдің іргетасын нығайту жұмыстары жүргізілген еді. Ол биыл да жалғасын табады. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданындағы атқарылған жұмыспен танысу барысында бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады. Жауапты мамандарға құрылыстың технологиясы мен талаптарын толық сақтай отырып жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«2020 жылы 7 үйдің іргетасы күшейтіліп, нығайту жұмыстары жүргізілген еді. Қазіргі таңда берілген қорытындыға байланысты 2021 жылы қалған 17 үйге де жүргізіледі. Әр үйдің іргетасын күшейткеннен кейін, оларға әрлеу жұмыстары жүргізіледі», – деді қалалық Жайлы орта басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Олжас Татжыбаев.
Одан бөлек, Нұркент ықшам ауданындағы 8 жер телімі қала меншігіне алынды. Шаһар басшысы ол жерге балабақша салынады деді. Бұған дейін тұрғындар кәсіпкердің бұл жерге биік ғимарат салмақшы болғанын айтып, шағымданған еді. Сонымен қатар, 13 аула абаттандырылып, тұрғын үйлердің қасбеті жөнделді. Балаларға арналған ойын мен спорт алаңдары, скверлер мен жарық шамдар орнатылады.
«Біз енді сондай ризашылығымызды білдіреміз. Құрылыс жүріп жатыр, тиянақты, құрылысшыларға рақмет. Әкімішілікке рақметімізді айтамыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Әбдукәрім Манабиев.
«Бүгінгі жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Барлығы да әкімдік уәде еткендей жүзеге асып жатыр. Ауданымыз гүлденіп келе жатқанына қуаныштымыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Римма Макашева.