2022 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды
Алматыда «Оңтүстік» саябағының жер телімін мемлекеттік қажеттілік үшін қайтарып алу рәсімі аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салсақ, 2007 жылы Бостандық ауданындағы Си Синхай көшесінің оңтүстігінде, Жароков көшесінің шығысында (кад. № 20-313-011-518) жер телімі көпқабатты тұрғын үй салу және пайдалану үшін Turkuaz Invest ЖШС-нің жеке меншігіне берілген болатын (Алматы қаласы әкімдігінің 08.11.2007 ж. №9/1097-39 қаулысы). Кейін учаске Jusan Property ЖШС-не берілді.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінің бірінде қала тұрғындарымен аталған жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу және саябаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы бастама көтерілген болатын.
2022 жылғы 5 қазанда Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен әкімдіктің жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне қайтару жөніндегі талабы қанағаттандырылды, өтемақы сомасы 2 338 817 000 теңге мөлшерінде айқындалды (сарапшылардың 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 5386 қорытындысына сәйкес). 2022 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. 2023 жылғы 13 қаңтарда өтемақы сомасы Jusan Property ЖШС-не аударылды.
Қазіргі кезде Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы «Оңтүстік» саябағын абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажетті құжаттарды дайындауда.