Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтіп, онда коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен бірге өткен жылу маусымының қорытындылары және жаңа маусымға дайындықтың міндеттері қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда 2020-2021 жылы жылу маусымы температуралық режимді ескере отырып, 2020 жылдың 28 қыркүйегінде басталып, 2021 жылдың 13 сәуірінде аяқталды. Жалпы, 198 тәулікке созылған жылу маусымы қалыпты режимде өтті.
Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша коммуналдық кәсіпорындар барлық жылуэнергокешендеріне және коммуналды шаруашылықтарға тексеру жүргізіп, алдағы жаңа жылу маусымына тиянақты дайындалулары тиіс.
Атап айтқанда, «Алматы электр станциялары» АҚ-ы электр және жылу энергиясын тарататын құрылғылардың 71 бірлігін, құбырларды, гидро-қазандық агрегаттарды, станцияның су жылыту және бу қазандықтарын жөндеуден өткізуді жоспарлауда. «Алматыжылукоммунэнерго» мамандары 48 қазандықтағы жабдықтардың 75 бірлігін ауыстырулары тиіс. «Алматы жылу желілері» 8,2 шақырым желілерді реконструкциялайтын болады.
Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс кестесін қаланың басқармаларымен келісуді тапсырды. Сонымен бірге, қазу процесстері мен жолды қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынады. Жолдарды қалпына келтіру жұмыстары сапасыз жүргізілсе, онда коммуналдық қызмет көрсетушілер жауапқа тартылады.
Сондай-ақ, Б. Сағынтаев аудан әкімдері мен энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму, қалалық мобилділік басқармаларына жөндеу жұмыстары жүретін шағын аудандар тұрғындарын апатты қалпына келтіру жұмыстары, мерзімі және жобаны орындаушылар туралы дер кезінде ақпараттандыруды тапсырды.