2020 жылы 2926 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде мегаполисте мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы туралы өткен брифингте Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров және Алматы қаласы «Отбасы Банк» АҚ филиалы директорының орынбасары Данагүл Түсіпова сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласының әкімдігі халықты қолжетімді және жайлы баспанамен қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.
2020 жылы 2926 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, оның ішінде:
- 429 — коммуналдық тұрғын үй қорынан (сатып алу құқығынсыз жалға беру) кезектілік тәртібімен;
- 1186 — кезекте тұрғандар үшін жеңілдікті несиелік бағдарламалар (Шаңырақ (5-10-20) — 457, Бақытты отбасы (2-10-20) — 363, кредиттік тұрғын үй (5-20-25) — 366);
- 1311 — жастарға арналған бағдарламалар (Алматы жастары бойынша кредиттеу (5-10-25) — 961, жұмыс істеуші жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға беру — 350).
Қазіргі уақытта «Шаңырақ» пилоттық бағдарламасына қатысу үшін құжаттарды қабылдау жалғасуда және осы жылдың басынан бастап жеке тұрғын үй сатып алу үшін 225 қарыз берілді.
Осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 9,2 млрд тг барлығы 682 қарыз берілді.
Сонымен қатар пәтерлердің басым бөлігі өз баспанасы жоқ азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әзірленген «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жеңілдікті кредиттеу бойынша берілетінін атап өту қажет.
Жалпы, осы жылы 8 мыңнан астам қала тұрғынын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде:
- ХӘОТ — 427 ;
- Көпбалалы отбасылар — 452;
- «Шаңырак» — 3578,
- Кредиттік баспана — 1411;
- «Алматы жастары» — 1000;
- Жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы баспана — 1050;
- «Бақытты отбасы» — 374.
Сонымен қатар қоғамдық пікірді ескере отырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және бизнес процестерді оңтайландыру, ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық қаупін болдырмау мақсатында бүгінгі таңда тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың Республикалық бірыңғай ұлттық жүйесі құрылды. Кезек толығымен электрондық үкімет порталына ауыстырылды (e.gov), бұл онымен айла-шарғы жасаудың кез-келген мүмкіндігін жоққа шығарды. Енді кез келген кезекте тұрған азамат ЭЦҚ болған жағдайда күн сайын өз кезегін қарап, оның алға жылжу динамикасын көре алады.
Осылайша бүгінде кезекке қоюдан бастап пәтер беруге дейін тұрғын үйді бөлу процестерін ақпараттандыру толығымен аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде 27 797 азамат тұр. Оның ішінде:
- 1770 — жетім балалар,
- 2605 — көпбалалы отбасылар,
- 8009 — толық емес отбасылар,
- 1326 — мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасылар,
- 10 403 бюджеттік ұйымдар қызметкерлері
- 3684 халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары.