Б. Сағынтаев Hyundai Trans Auto зауытының қуатын арттыру жобасын іске қосты

12.02.2021 22:09

Astana Motors автомобильдерді сататын заманауи көпсалалы орталықтың құрылысын бастады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде кеңеюдің жаңа кезеңі басталатын автомобиль өнеркәсібі кәсіпорнының өндірістік алаңында болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылатыны туралы жазды.

«Hyundai Trans Auto зауытының өндірістік қуатын арттыру жобасы іске қосылды. Шағын тонналы жүк көліктерін дәнекерлеу, кабиналарды бояп, ұсақ торапты әдіспен жинайтын жаңа цехтың құрылысына Astana Motors 4 млрд тг астам қаржы инвестициялады», – деді Б. Сағынтаев.

Зауытта коммерциялық техника, соның ішінде коммуналдық қызмет қажеттілігіне арналған өрт сөндіру машиналары, жолаушы автобустары мен реанимобильдер шығарылады. Бүгінде мұнда 238 адам жұмыс істейді. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін жұмыс орындарының саны 350-ге дейін артады. Қазақстандық қамту үлесі 50%-дан асып, кәсіпорынның экспорттық әлеуеті артады.

Сонымен қатар, Astana Motors автомобильдерді сататын заманауи көпсалалы орталықтың құрылысын бастады. Мұнда 400-ден астам жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемі – 10 млрд тг.