Алматыда 60 жыл ішінде алғаш рет Әуежай көлінің түбі тазаланады

07.12.2023 22:12

Көл аумағы қала тұрғындарының жайлы серуендеуі үшін абаттандырылады

Алматы әкімдігі / пресс-служба акимата Алматы

Көл аумағы қала тұрғындарының жайлы серуендеуі үшін абаттандырылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен жұмыс сапары және кездесу барысында әуежай көлін механикалық тазарту бойынша дайындық жұмыстарымен танысты. Тазарту 1963 жылы су қоймасы пайда болғаннан бері алғаш рет жүзеге асырылады.

Әуежай көлі қаланың төменгі бөлігінде, Түрксіб ауданында орналасқан. Су қоймасының толымдылығы 1 250 000 текше метр, орташа тереңдігі шамамен 8 метр. Көл халық арасында танымал: су қоймасына күніне мыңнан астам адам келеді.

Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров қала басшысына жобаға сәйкес түбін лай мен қамыстан механикалық тазарту, түбін тереңдету жұмыстары және т.б. жоспарланғанын баяндады. Қазіргі уақытта көлге зерттеу жүргізілді, жоба түзетілуде. Су айдыны толық босатылғаннан кейін 2024 жылдың екінші тоқсанында учаскеде техника – 3 шынжыр табанды экскаватор, 1 тиегіш, 25 самосвал және 35 жұмысшыдан тұратын бригада жұмылдырылады.

Резервуарды механикалық тазарту суды толығымен төгіп тастағаннан кейін ғана мүмкін болады, ол бұрын-соңды әуежай көлінде жасалмаған.

 - Мұндай нысандарға тұрақты негізде қызмет көрсету керек. Су қоймасын жыл сайын босату керек. Менің білуімше, әр 5 жылда көпфакторлы зерттеулер жүргізу керек. Ең бастысы, сапалы жұмыс жүргізу, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Қала басшысы көл аумағын кешенді абаттандыру қажеттігіне назар аударды.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша осы ауданда қоғамдық кеңістік құрылып, қосымша көгалдандыру, жағалауда демалу үшін шамдар мен көше жиһаздарын орнату қамтамасыз етіледі. Жұмыстар Элеватор көшесі бойымен Сүйінбай даңғылынан Орджоникидзе көшесіне дейін жүргізіледі.

Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев Кіші Алматы өзені арнасының Рысқұлов даңғылынан Әуежай көліне дейінгі су қорғау белдеуін абаттандырумен жекелеген учаскелерін реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттік өтінім берілгенін хабарлады.

Сондай-ақ қала басшысына көл жағалауларын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірін салу туралы ұсыныс жасалды. Ерболат Досаев бастаманы қолдап, осы идеяны пысықтауға тапсырма берді.

Еске салсақ Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 2023 жылы 50 жылда алғаш рет Сайран көлінің түбі тазарып, 140 мың текше метрден астам қоқыс пен лай шығарылған еді. Осындай жұмыстар Қарасу көлінде де жүргізілді.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Көк базарды» жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр