Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Алматылық мектеп оқушылары арқан тартыс, қазақша күрес, тоғызқұмалақ пен асық атудан бақ сынасты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық спорт түрлері ұлықталды. Алматылық мектеп оқушылары арқан тартыс, қазақша күрес, тоғызқұмалақ пен асық атудан бақ сынасты. Қаланың 8 ауданынан іріктеуден өткен үздік спортшылар өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана алаңында қалалық спорт басқармасының ұйымдастыруымен спорттың түр-түрінен ойындар өткізіліп жатыр. Тоғызқұмалақ ойыны туралы қазір бас төрешіден сұрап көрейік.

«Бүгінгі жарыс – қалалық фестиваль. Ойын 5 турдан өтеді. 8 ауданнан 8 команда келді. Жас ерекшелігі жоқ, мектеп оқушылары қатысып жатыр. Командалық есепте 1-3 орындарды анықтаймыз», – деді тоғызқұмалақ ойынының бас төрешісі Азамат Қалдыбаев.

«Бұл іс-шарада 214 мектептен қатысқан 7600 бала іріктеліп алынды. Ақтық кезең өтіп жатыр. Қазір 8 ауданнан 36 спортшы келіп отыр», – деді Спорт басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Онжан.

Қолөнершілер өз бұйымдарын көрмеге қойып, қыран бүркіт пен жүйрік тазы әкелген. Палуандар белдесіп, жігіттер арқан тартыс ойынында күш сынасты.

«46 кг салмақ дәрежесінде күрестім. Финалда Алатау ауданы атынан шығып, Наурызбай ауданының баласымен күрестім. 13 жастамын», – деді жарысқа қатысушы Нұрбол Нұрқожа.

Ал көшенің мына басында қыздар арасында бес асық ойыны өтіп жатыр.

«Бес асық 5 тастан тұрады. Сайыс 13 турдан тұрады. Ұпай жинау үшін осылай қолымызға асықтарды жинаймыз. Бұл ойынды тек қыздар ойнайды. Мен 3 жылдан бері осы спорт түрімен айналысамын», – деді №87 мектептің оқушысы Сабина Ғазиз.

Бес асық – көнеден келе жатқан ұлттық ойын. Бір асықтың салмағы 11 грамнан аспауы керек. Ұмыт қалып бара жатқан бұл ойын түрінен қазір қаладағы мектептерде түрлі үйірме бар.  

«Бұрын таспен де ойнаған. Бес тас ойыны деп де таныуы мүмкін. Қазір ұмыт болып бара жатыр», – деді №49 мектептің оқушысы Талшын Әмірғазина.

Жарыс соңында әр спорт түрінен үздік танылғандар марапатталды. Қазақтың жаңа жылын тойлауға келген көпшілік осылай ұлттық құндылығымыздың озығын көріп, рухани тәлім алып тарасты.

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы  

Новости партнеров