Ержан Бабақұмаров Алматыда «сервистік полиция» тәжірибесін ұлғайту жөнінде кеңес өткізді
Алматының Алатау ауданы «сервистік полиция» тәжірибесін ұлғайту аясында пилоттық аумақ болып белгіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Президенттің "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру шеңберінде шаһардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
«Халыққа қолжетімді полиция» негізгі элементі болуға тиіс Ішкі істер органдарының азаматтармен өзара қарым-қатынасының сервистік моделі құқықтық тәртіп саласындағы проблемаларды бірлесіп шешуге бағытталған. Басты мақсат – көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу.
Құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында бұған дейін полицияның сервистік моделі пилоттық режимде Алатау ауданының «Өжет» ықшамауданы мен Бостандық ауданындағы «Керемет» тұрғын үйінде іске қосылды. Талдау нәтижелері негізінде аталған аумақта құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жұмысты күшейту бойынша шаралар қабылданып, полицияның қосымша модульдік бекеті орнатылды, тәртіп сақшыларының жаяу нарядын патрульдеу ұлғайтылды.
Сонымен қатар, Алматыда «Халыққа қолжетімді полиция» қағидаты аясында қаланың учаскелік полиция инспекторларының штаты 113 бірлікке ұлғайтылды. 9 қосымша учаскелік полиция пункті сатып алынды. Одан бөлек, 441 бірлік бейнетіркегіш пен 432 планшет алынды. Саябақ аймақтарында, азаматтардың жаппай демалу орындарында патрульдік нарядтар үшін 55 бірлік көлік құралдарын сатып алуға қаражат бөлінді.
Ержан Бабақұмаров пилоттық жобаны іске асырудың аралық нәтижелеріне сәйкес сервистік полиция тәжірибесін ықшамаудан деңгейінен Алатау ауданына дейін кеңейту туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Бүгінде аудандағы тұрғын саны 300 мыңнан астам адамды құрайды.
Сөйтіп, Алатау ауданының бар аумағы сервистік тәсілді енгізудің пилоттық аймағы болып белгіленді. Осыған байланысты аудан әкімі аппараты жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу, ұйымдастырушылық және институционалдық сипаттағы тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша аумақтық ведомствоаралық топ құру жөнінде тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, жобалау кеңсесі аудан тұрғындарымен бірлесіп, тұрғылықты халық арасында талдау мен сауалнама жүргізеді, құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды сканерлейді. Бұл жұмыстың нәтижесі пилоттық аумақты картаға түсіру мен учаскелік инспекторлардың жұмысын түзету, патрульдеу жүйесін кеңейту, қосымша бейнебақылау камераларын орнату, жарықтандыру сынды шешімдер қабылдаумен сипатталады.
Жалпы, полицияның сервистік моделін кеңейту құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.