|
18.01.2024 | 19:19
2430

Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Былтыр ауданда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 2,2 есеге көбейген, өнеркәсіп 13,3 пайызға, инвестиция 4,7 пайызға өскен

Сұрақ-жауап: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі пресс-служба акимата Алматы

Алматының Түрксіб ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы белсенді жүзеге асып келеді. Бүгін азаматтармен кездескен қала әкімі Ерболат Досаев осылай деді. Шаһар басшысының айтуынша, былтыр бағдарлама шеңберінде сомасы 1,7 млрд. теңге болатын 81 жоба іске асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

2023 жыл Түрксіб ауданы үшін жемісті болды. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 2,2 есеге көбейген, өнеркәсіп 13,3 пайызға, инвестиция 4,7 пайызға өскен. Жұмыс істейтін бизнес субъектілер саны да айтарлықтай артқан. Аудан бюджеті 3 есеге ұлғайған. Алайда мәселе жоқ емес, бүгін аудан азаматтарымен кездескен мегаполис әкімі тұрғындардың базынасын тыңдап, шағымын біржақты етуге тырысты.

– Мен барлық ауланы бейнебақылау жүйесімен қамтуды тапсырдым. Себебі әткеншектерді балалар емес, ересектер сындырады.  Камера тұрса, вандализмнің алдын алуға болады. Ал сынған, бұзылған дүниенің бәрін жөндеп, қайта қалпына келтіреміз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Айта кетейік, қала әкімі кездесуде жыл соңына дейін Түрксіб ауданындағы «Сергек» камераларының санын 600-ге дейін арттыру көзделгенін айтты. Былтыр тұрғындар мен жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін 96 бейнебақылау кешені орнатылған.

Сондай-ақ аудан азаматтары қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Автобусты сағаттап күтіп, аялдамада ұзақ аялдаймыз деген жұрт қала әкімінен мәселені шешіп беруін өтінді. Тұрғындардың сауалына жауап берген шаһар басшысы биыл құрамды жаңартып,  20 маршрутты күшейту жоспарланғанын айтты.

– Көліктік қызмет сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы Түрксіб ауданының 5 жаңа бағытына 171 автобус сатып алынды. 2024 жылы құрамды жаңарту және 20 маршрутты күшейту жоспарлануда. Оның ішінде 5 бағыт бойынша 104 жаңа автобус осы жылдың 1-тоқсанында қатынайтын болады, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысының айтуынша, жыл соңына дейін ауданға қызмет көрсететін автобус паркі 50 пайызға жаңарады. Мегаполис әкімі былтыр мұнда 10 негізгі су басу орны жойылып, 11 шақырым жаңа арық салынғанын айтты. Сонымен қатар биыл ұзындығы 30 шақырым болатын нөсер кәрізін салу жұмыстары жалғаспақ.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев: қалада инклюзивті білімге басымдық беріледі



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир