Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев iAzamat мобильді интерактивті қосымшасын құру бастамасын көтерген болатын. Аталған қосымшаның бета-нұсқасы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында қосымша туралы және келесі жылы қандай өзгерістер күтілетінін «Алматы қаласын дамыту орталығы» қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры Әлия Жақсалықова толығырақ айтып берді.
Әзірлеушілер атап өткендей, iAzamat қосымшасы тұрғындарды Алматының жағымды өзгерісіне, оның ішінде: қоғамдық көлік, жолдарды жөндеу, ТКШ, абаттандыру, көгалдандыру, көшелерді тазалау, жарықтандыру және т. б. бағыттар бойынша тартуға бағытталған.
Мобильді қосымшаның функционалы қала тұрғындарының қала билігімен диалог жүргізуге арналған алаңын білдіреді. Қала тұрғындары осы немесе басқа жоба туралы өз пікірлерін білдіріп, талқылай алады, өз ұсыныстарын енгізе алады.
Басты мақсат – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және билік пен қала тұрғындары арасында кедергісіз диалог құру, қалалық жаңалықтар мен іс-шаралар туралы жедел хабарлау, жергілікті атқарушы органдардың есеп беруі мен ашықтығы.
Қосымша Open Almaty жүйесінде құрылған. Қоғамдық қабылдау операторлары барлық өтініштерді көріп, оларды шешу бойынша жедел шаралар қабылдай алады. Жақын арада тұрғындар мемлекеттік органдардың осы қосымша арқылы оларға берген жауабын бағалай алады.
«Қаңтар айының соңында біз проблема туралы хабарлауға болатын жаңа функцияны іске қосамыз, онда тұрғындарға мәселенің фотосуретін, бейнесін, нақты геолокациясын тіркеу үшін бірнеше рет басу жеткілікті болады. Қазір бізде дәл осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Келесі жылы да біз мемлекеттік органдардың жауаптарын бағалау жүйесін енгізетін боламыз. Бұл жауаптардың сапасын арттыратын жақсы құрал болады деп есептеймін», – деп атап өтті А. Жақсалықова.
Тұрғындар қосымшаның интерфейсі мен функционалын жетілдіру бойынша өз идеялары мен тілектерін iazamat@almatydc.kz электрондық мекен-жайына жолдай алады