Бұл туралы Алматы қаласының ӨКҚ брифингінде Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев мәлімдеді
Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жақын маңда қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін «Мамыр» шағынауданында 2023 жылғы тамызда ауысымда 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылды, бұл осы емханаға тіркелген 12 мың адамға ыңғайлы қызмет көрсету мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Алматы қаласының ӨКҚ брифингінде Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ауданның денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселе №18 емхананың шамадан тыс жүктелуі болып қала береді. Осы жағдайды шешу үшін биыл қазанда Қуаныш шағынауданында 300 орындық емхана салу жоспарланып отырған жер учаскесі сатып алынды. Сонымен қатар, 2024 жылы №16 қалалық емханаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр», - деді аудан әкімі.
Оқушы орындарының тапшылығына келсек, қазіргі уақытта ауданда 33 мемлекеттік және 22 жекеменшік мектеп бар, онда 59 209 бала оқиды. Ауданда оқушы орындарының тапшылығы 5 мыңнан асады. Бұл мәселені шешу үшін 2022 жылы № 6, 117, 121, 132, 133 сынды бес мектепке қосымша ғимараттар салынды, сонымен қатар, «Достық» жеке мектебі ашылды, бұл сол кездегі орын тапшылығын 3400 орынға дейін азайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, №141, 122 мектептер және БИЛ мамандандырылған лицей сейсмикалық күшейтіліп, күрделі жөндеу аяқталды. №9 және №127 мектеп сейсмикалық күшейтіліп, күрделі жөндеу жүргізу жалғасып келеді.
Бұған қоса, №97 бұзылған ескі мектеп ғимаратының орнында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Құрылысты аяқтау 2024 жылдың III тоқсанында жоспарланып отыр. №72 мектептің ескі ғимаратын бұзу және қуаты 380-ден 1200 орынға дейін ұлғайтылған жаңа мектеп салу көзделген. ЖСҚ әзірлеу 2024 жылғы I тоқсанында басталады. Алматы қаласының әкімдігі мен құрылыс компаниялары арасында жасалған меморандумды орындау аясында 1500 орындық бір мектеп, сонымен қатар, 400 орындық қосымша құрылыс салу жоспарға енген.
«Ескі екі мектепті бұзу мәселесі пысықталып жатыр: қуаты 860-тан 1200 орынға дейін ұлғайтылған №13 гимназия, қуаты 620-дан 1200 орынға дейін ұлғайтылған №158 мектеп. Талдау қорытындысы бойынша 2 мектеп анықталды: №1 және 42, оларға 700 оқушыға арналған қосымша ғимараттар салу жоспарланған. Сонымен қатар, «Таугүл-3» шағынауданында жеке инвестор 600 оқушыға арналған «Zerdesh» мектебін ашты. Мектепке дейінгі білім беруге де көп көңіл бөлінеді. Бүгінде ауданның мектепке дейінгі мекемелерінде шамамен 6 мың орын тапшы. Ауданда жалпы 18 мың баланы қамтитын 47 мемлекеттік және 163 жекеменшік балабақша бар», - деді ол.
Абзал Егембердиевтің айтуынша, мектепке дейінгі орын тапшылығы мәселесін шешу, сонымен қатар, балабақшалардағы жағдайды жақсарту үшін «Алтын бесік» шағынауданында 120 орындық мемлекеттік балабақша салынып жатыр. 10-шағын ауданда биыл 160 орындық балабақша құрылысына ЖСҚ әзірлеу басталды. Таугүл шағынауданындағы апатты деп танылған балабақша ғимаратының орнында 120 орындық жаңа балабақша салу көзделіп отыр. 2-шағынауданда бұрынғы 120 орындық балабақша ғимаратын сейсмикалық күшейтіп, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.