Қазірдің өзінде 29 350 орынға 79 келісімшарт жасалды
Алматыда бүгінде 26 оқу орнының студенттік жатақханаға қажеттілігі туындап отыр, бұл 21 510 төсек-орын. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының өкілі Ақжол Құрмансейіт мәлімдеді. Сондай-ақ, онлайн-брифинг барысында ол жатақханаларды тиімді шарттармен-құрылыс салушының жеке немесе қарыз қаражаты есебінен қалай салуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Тұңғыш Президентінің бес әлеуметтік бастамасының үшіншісін жүзеге асыру аясында студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту бөлігінде 2022 жылдың соңына дейін ЖОО мен колледж студенттерін 63 мыңнан астам төсек-орынмен қамтамасыз ету қажет. Жатақхана құрылысына мемлекет он жыл ішінде 118 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін «Қаржы орталығы» АҚ құрылыс салушылардың/ЖОО және мемлекеттің қатысуымен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік моделін ұсынады.
Онлайн-брифинг барысында «Қаржы орталығы» АҚ өкілі Ақжол Құрмансейіт қазіргі уақытта жатақхана ғимараттарын салатын немесе қайта құратын кәсіпкерлерге студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру түріндегі шығындар өтелетінін хабарлады. Осы тетіктің операторы болып «Қаржы орталығы» АҚ белгіленді.
Бұл ретте тапсырысты орындаушылар қашықтықтан оқыту форматына байланысты зиян шекпейді.
«Кәсіпкерлер өтініш береді, олардың жатақханаларды салуға арналған жобалары қаралады. Егер құжаттар жағынан бәрі дұрыс болса, инвестормен немесе жеке кәсіпкермен алдын ала келісім-шарт жасалады. Жеке қаражат есебінен салады. Пайдалануға бергеннен кейін, олар студенттерді орналастыруға – нақты саны бойынша мемлекеттік тапсырыс алады. Егер жатақхана салынған болса, мемлекеттік тапсырыс мөлшері бір студентке жылына 144 АЕК құрайды. Реконструкцияланған болса – 47 АЕК. Төлем мерзімі – 8 жыл. Мысалы, іс жүзінде 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адам үшін төленеді. Бірақ, жатақханалық жобалық қуатынан артық емес», – деді Ақжол Құрмансейіт.
Бүгінде Алматыда 26 оқу орны студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығын сезініп отыр. Мегаполистегі жоғары оқу орындарының бірі – Қазақстандық инженерлік-технологиялық университет 188 орынға арналған жатақхана салу арқылы бұл мәселенің шешімін тапты. Осындай мүмкіндікті «Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» ЖШС және «Жетімұра» ЖШС пайдаланған. Жалпы алғанда үш жатақханада 648 төсек-орын пайда болды.
Тетіктің тұжырымдамасы мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігіне негізделген. Инвестор, оқу орны немесе кәсіпкер тұлғасындағы жекеменшік құрылыс салушы өз қаражаты есебінен объектіні іске қосуды жүзеге асырады. Объектіні іске қосу сәтті болған жағдайда мемлекет оған мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастырады. Бұл жерде үш маңызды параметрді атап өту керек.
Біріншісі – орналастыру принципі. Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты шарты студенттің тұру фактісі болып табылады. Яғни, жан басына шаққандағы қаржыландыру принципі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, құрылыс салу немесе реконструкция жасау жолымен жаңа жатақханаларды енгізуді іске асырған барлық ұйымдарда орналастырылады.
Екіншісі – орналастыру мерзімі. Мемлекеттік тапсырыс ай сайынғы негізде 8 жыл мерзімге орналастырылады. Демалыс кезеңінде соңғы оқу айында тұрған студенттер саны ескеріледі.
Үшіншісі – төлемдер мөлшері. Бір студентке арналған мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері: құрылыс салынған жағдайда 122 АЕК, реконструкция жасалған жағдайда 47 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең болып келетін түзету коэффициенті ескеріле отырып төленеді. Мысалы, нақты 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адамға жасалады. Бірақ жатақхананың жобалық қуатынан аспауы тиіс.
Мемлекеттен төлемдер мерзімі аяқталғаннан кейін объект құрылыс салушының меншігінде қалады. 20 жыл мерзімге объектінің нысаналы мақсатын өзгертуге ауыртпалықты тіркеу бірден бір шарт болып табылады.
Сонымен қатар, тұрмыстық қызметтер көрсету үшін коммерциялық алаңдар жасауға болады, олардың негізгі тұтынушылары сол жердің тұрғындары болмақ. Жатақханада асхана, шаштараз, жаттығу залы және т.б. ашуға болады.
Қорытындылай келе, Ақжол Құрмансейіт ғимараттарды қайта жаңарту арқылы жатақханаларда жаңа орындарды іске қосу жеке бағыт болып табылатынын атап өтті.
«Егер сіз ғимараттың меншік иесі болсаңыз, оны студенттік жатақхана етіп реконструкция жүргізіп, мемлекеттік тапсырысты орналастыруға үміткер бола аласыз. Бұл жағдайда оның мөлшері әрбір орын-жай үшін 47 АЕК-ті құрайды», – деп түсіндірді спикер.
Жалпы алғанда, студенттік жатақханаларда жаңа орындарды енгізу тәсіліне қарамастан, барлық объектілер және оларды одан әрі пайдалану қолданыстағы құрылыс, өртке қарсы және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қатаң сәйкестікте жүргізілуі тиіс.
Бүгінгі таңда аралық нәтижелер бар. Қазірдің өзінде 29 350 орынға 79 келісімшарт жасалды. Алматыда 11-ге жуық келісім-шарт жасалмақ. Жалпы, екі жыл ішінде республикада 72 жатақхана салынды.