Алматыда құрылыс пен сәулет саласының үздік сарапшылары жиналды

Almaty.tv
Almaty.tv
Құрылыс кодексі 8 бөлім, 34 тарау, 205 баптан тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қалаға жаңартылған құрылыс кодексі қажет». Алматыда құрылыс пен сәулет саласының үздік сарапшылары жиналып, дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің нормативтік-құқықтық саласындағы соңғы өзгерістер» атты жиында мамандар кодекске заман ағымына сай маңызды өзгертулер мен жаңғыртулар енгізу мәселелерін талқылап, пікірталас ұйымдастырды. Сарапшылар қазіргі құжатта біршама кем-кетік барын алға салып, көпшілікті алаңдатқан тақырыпты қозғады.

– Бұрынғы сәулет және қала құрылысы заңы заманға сай қайта жасалуы керек, оның ішіне сол қала құрылысы, ғимараттары, басқа да қала құрылысына байланысты жұмыстары кодексте қаралуы керек. Жер сілкінуге байланысты ережелер бұрыннан айтылып келеді. Ауаның ластануы, қаланың экологиясы, инфроқұрылымы – бәрі кодекске енгізілуі тиіс, – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бөлім жетекшісі Жанат Айтілеу.

Қазіргі кезде ұсынылып отырған Құрылыс кодексі 8 бөлім, 34 тарау, 205 баптан тұрады. Жиында қозғалған маңызды мәселелердің ішінде цифрландыру, техникалық қауіпсіздік, мамандар тапшылығы мен сейсмикалық талаптар сынды қоғамды алаңдататын түйткілдер талқыға салынды. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Мәжіліске қала құрылысы кодексін қарастыруды уақытша тоқтатып, оған түзетулер енгізілуі керек деген хат жолданатын болды.

– Қала құрылысы кодексіне жоспарлы шектеулер әр қаланың, оның ішінде әр аймақтың өзіндік ерекшелігіне байланысты қойылады. Қала – сейсмикалық аймақ. Экология, транспортымыз бар. Тектоникалық жарықтардың картасын ескерсе, ол жерлерге тұрғын үйлер салынбау керек, ашық алаң, саябақтар болуы тиіс. Қазір кейбірі бұны ескермейді. Қоғаммен байланысты нығайту керек, халық өздерінің үйінің жанына не салынып жатқанын біліп, әсер етуге құзыретті болуы тиіс деп ойлаймыз, – деді сәулетші Надежда Текенова.

Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі салдарынан зақымданған ғимарат шығынын кім өтейді

Новости партнеров