«Алматы Тазалық» МКК техника паркін жаңартуды, сондай-ақ Алматы қаласында жаңа арнайы техника сатып алуды ескере отырып, көше-жол желісін санитарлық тазалаудың тәсілдері қайта қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
- Арнайы техника паркін 101 бірлікке толықтыра отырып, жұмыс алгоритмін өзгерту мүмкіндігі пайда болды. Яғни, қазір қаланы аймаққа бөлдік. Секторға белгілі бір бригадалар мен арнайы техника жіберіледі. Бұл қарды тазарту жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, тротуарлар мен жергілікті маңызы бар жолдар уақытылы тазартылады, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Көктайғаққа қарсы материалды себу және жүру бөліктерін қардан тазарту 15 колонналы техника күшімен жүзеге асырылады. Магистральдық және қалалық маңызы бар көшелердің бір бөлігін тазалауды қалалық маңызы бар 3 колонна қамтамасыз етеді, олардың құрамына 11 бірлік жоғары өнімді Джетбрум машиналары бар. Қалалық және аудандық маңызы бар көшелерде бекітілген маршруттарға байланысты жинау аудандық учаскелердің қардан тазартатын колонналары күшімен жүргізіледі.
Алматының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Дулат Ашкеновтың айтуынша, бұған дейін колонналар жиналған қар үйінділерін щеткасы бар МТЗ тракторларымен жинайтын. Қазіргі уақытта бұл тракторлар аралас жол машиналарымен ауыстырылды. Тиісінше босаған МТЗ тракторлары көлік айрықтарының съездерін, әлеуметтік маңызы бар объектілерге кіреберістерді, аралас жолдардың шығатын және қала көшелеріне жақын жерлерді, сондай-ақ қоғамдық көліктің аялдама алаңдарын тазалауға қатысады, бұл аталған объектілерді тазартуға кететін уақтты азайтады.
Анықтама: 2 ақпанда сағат 15.00-дегі жағдай бойынша 7,6 мың м3 қар шығарылды (қысқы кезеңде барлығы 202,6 мың м3 шығарылды). Қазіргі уақытта Алматыда қарды жинау жұмыстары жүргізілуде, қарды жаппай шығару жалғасуда. Күндізгі кезеңде 452 бірлік арнайы техника мен 1183 жол жұмысшысы жұмылдырылды. 174 шағын габаритті тротуар жинау техникасының күшімен тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын, әлеуметтік маңызы бар объектілерге кіре берістерді тазалау, сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті өткелдерін қолмен тазалау жүргізіледі. Аудан әкімдіктерінде қар тазалау жұмыстарын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Оқи отырыңыз: Алматы жоспарының егжей-тегжейлі жаңа жобалары бекітілді