Алматыда 2020 жылы 200 ден астам өрт жағдайы тіркеліп, 16 адам газдан уланған, хабарлайды Almaty.tv
Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда жоғары, дейді мамандар. Сол себепті осындай қауіптің алдын алу мақсатында Медеу аудандық төтенше жағдайлар қызметі рейд жұмыстарын күшейтті.
«Медеу ауданында рейдтік жұмыстар күнделікті болады. Сонымен қатар тұрғындарға өрт қауіпсіздігіне байланысты ескерту нұсқаулықтары беріледі. Көп балалы отбасылар мен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға датчиктер қойылды», – деді Медеу аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ержан Құрманбаев.
Бұл жергілікті мекенде тұрғындардың көпшілігі табиғи газдың жоқтығынан көмір мен отын жағады. Сол себепті де төтеншеліктер еріктілермен бірігіп үйлердің мұржаларын тексеріп, пештерін жөндеп берді.
«Қала әкімдігіне өз алғысымды білдіремін. Олар менің өтінішімді жауапсыз қалдырмады. Енді, міне, пешімді әктеп, ақауы бар жерлерін жөндеп берді», – деді қала тұрғыны Елена Солошенко.
«Жылыту маусымы кезінде бізге үнемі келіп тұрады. Бізге арнайы үнпарақтар береді. Қауіпсіздігіміз үшін үнемі оқып, танысып отырамыз», – деді қала тұрғыны Елизавета Пакулова.
Өткен жылы төтенше жағдайлар департаменті барлық аудандармен бірлесіп жылыту маусымы кезінде адам шығынын болдырмас үшін «Көмек қолы» акциясын ойлап тапқан болатын. Соның нәтижесінде бүгінгі күні 80-ге жуық отбасы арнаулы көмек алған.
«Осы ауданға жауапты маман ретінде төтенше жағдайлар қызметімен, әкімшілікпен айына бір рет рейдке шығып тұрамыз. Жағдайы нашар адамдар мен көпбалалы отбасыларға көмектесіп тұрамыз» – деді Медеу ауданының қауымдастық төрайымы Сабира Мусина.
Қаламызда 145 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Соның 2 мыңға жуығы отынмен жылытылады екен. Төтенше қызметкерлері әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету мақсатында 1 мың 300-ден астам үйге жылу көрсеткіш құрылғыларын орнатып берген. Рейд жұмыстары сәуір айының 15-не дейін жалғасады.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов