Мәдениет ықшамауданындағы үйлер сүріле ме

inform.kz
inform.kz
Үйдің сүрілуіне наразы жұрттың дені жерді 2019 бен 2021 жылдар аралығында сатып алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Мәдениет ықшамауданындағы үйлерге қатысты арнайы комиссия құрылып, қайта тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Алатау ауданы әкімінің орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін Сәулет жоспарлау тапсырмасы берілмеген үйлер сүріледі деген сыбыс жұртты даурықтырған еді. Әзірге шешімнің қай үйлерге қатысты шығатыны белгісіз.

Үйдің сүрілуіне наразы жұрттың дені жерді 2019-2021 жылдар аралығында сатып алған. Айтуларынша, сол кезде бәрі ауданның бас жоспарына сай болған көрінеді. Алайда Мәдениеттегі мектеп құрылысы аяқталар тұста көп тұрғынға баспана салуға рұқсат берілмей, тіпті салынып бітпеген үйлермен қоса шатыры жабылғаны да сүріледі деген сыбыс шыққан.

«Осы мектеп салынғаннан бері үйлеріміз сүріледі деді. Тұрғын үй кешені тұрғызылады, саябақ болады деп жатыр. Балабақша салуға, медпункт салуға біз қарсы емеспіз. Бос тұрған жерге салсын. Ал салынып қойған үйді бұзбасын. Мектептің алды-арты бар. Сол жерлерге салсын»,- дейді қала тұрғыны Ұбайдолла Берханұлы.

«Енді СЖТ бермегеннен кейін қорқып отырмыз. Мына жерге стадион салынады депті. Мұнда адамдар үй салып жатыр, көршілерге де СЖТ бермей жатыр. Білмеймін енді. Бұл қалай болады? Халыққа көмектессе екен. Қаңғып қалмасақ екен»,- дейді тағы бір қала тұрғыны Майхан Қыдырова.

Үйдің сүрілуіне қарсы жұрттың арасында мүлкін заңдастырып үлгергендер де бар. Алайда ауданның қазіргі бас жоспарына сәйкес, олар тұрып жатқан аумақ футбол алаңы болады деп көрсетілген.

«Заңдастырып, тіркеуге отырып алғанмын. Балаларымның бәрін осында отырғыздым. Енді жоспарды стадион саламыз деп өзгертіп тастапты. Мамырда ғана өзгертті»,- дейді жергілікті тұрғын Кенжебек Секбаев.

Қазір мұнда салынып жатқан үйлердің құрылысы тоқтап тұр. Бірі шатырын жауып үлгерсе, енді бірі қабырғасын ғана көтеріп қойған. Ал тұрғындар болса жер де, үй де заңдастырылмайды дегенді естігелі, тәуекелге бармай, нақты шешімнің шыққанын күтіп отыр.

Шағынауданның бұрынғы бас жоспарында жекеменшік үй салуға арналған жер мен мектеп көрсетілген. Жер сатып алған жұрт та дәл сол білім ордасына бола үдере көшіп келген. Ал Алатау ауданының әкімдік өкілі бәрі қайта қаралатынын айтты.

«Қазіргі таңда комиссия құрамымен анықтап, егер сүрілуге жатпайды, бос жатқан жерлерге әлеуметтік нысандарды салу мүмкіндігі бар дейтін болса, онда бас жоспарды өзгертіп, қазіргі тұрған үйлерді қалдыру мүмкіндігі бар. Осыны анықтау мақсатында комиссия жұмыс жүргізіп жатыр»,- дейді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров.

Мәдениет шағынауданы Алатауға 2014 жылы қосылған. Ал оған дейін облыстағы Қарасай ауданының құрамында болған. Әкімдік өкілі 2021 жылдың аяғында бекітілген жоспарға сәйкес, қазір тұрған үйлердің ережеге сай емес екенін айтты. Десе де, нақты жауап арнайы комиссия жұмысының қорытындысы шыққанда мәлім болмақ. Айта кететіні, үйлер сүрілетін болса нарықтық бағасы төленеді.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, Алматы телеарнасы

Новости партнеров