Алматының сегіз ауданында мерекелік іс-шара атап өтілді
Қазақстан халқының бірлігі күнінде Алматының 8 ауданында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Түрлі ұлт пен этнос өкілдерінің ұлттық тағамдары көпшілікке ұсынылды. Әдет-ғұрпы көрсетілді.
Наурызбай ауданының тұрғындары орталыққа жиналып, ынтымақ мерекесін дүркіретіп атап өтті. 230 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 20 мың орыс, 6 мыңға жуық ұйғыр ұлтының өкілі тұрады. Айта кету керек, мұнда этно-мәдени орталықтар да жұмыс істейді.
«Осы ауданда 100-ден артық ұлт пен ұлыстар тұрады. Еліміздің өркендеуіне, гүлденуіне барлық күш қуатымызбен әрекет жасап жұмыс істеп жатырмыз», – деді Наурызбай аудандық ұйғыр этно-мәдени ақсақалдар алқасының мүшесі Омаржан Исмайлов.
Ал, Түрксібте мерейлі мереке күні оқушылар белсенділік танытты. Түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін киген 100-ден астам бала қала көшелерімен жүріп өтіп, парад ұйымдастарды. Жеткіншектер өз қиялындағы бейнені қағаз бетіне түсіріп сурет салды. Іс-шара соңында үздік атанғандар алғыс хат пен сыйлықтарға ие болды.
«Бұл ынтымақ күні ғой. Халқымызда ынтымақ, береке бірлік болып, еліміздің іргесі аман болсын. Немерелеріміздің қызығын көре берейік», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Салтанат Ботабаева.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы да аудан тұрғындарын мереке күнімен ерекше құттықтады. Шығармашылық ұжымның қатысуымен сахнада концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мақсат – татулық пен тұтастықты ту еткен өзге ұлт өкілдерінің шығармашылығын насихаттау.
«Қазір мынадай ұғым шықты ғой, ұлттық код деген. Ұлтымыздың тарихын білмесек, өз ұлтымыздың құндылығын сақтай алмасақ, ұлт ретінде құрып кетуіміз де мүмкін. Бұл – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының негізгі ұстанымы», – деді Алатау дәстүрлі өнер театрының қоюшы режиссері Нұржан Тұтов.
Алмалы ауданы тұрғындары да 1 мамырды мерекелеуде қалыс қалмады. Кавказ бен орыс мәдени орталығының өнерпаздары мен колледж студенттері Ганди атындағы саябаққа жиналып халық достастығының бірлігін айқындады. «Бақытты отбасы» орталығының қызметкерлері қол өнер жәрмеңкесін ұйымдастырып, өнер туындыларын көпшілікке ұсынды.
Ұлағат Арғын, Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы