Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жайында талқылады
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Д. Ямаданы қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуды, сондай-ақ Алматы қаласы мен күншығыс елінің префектуралары арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы мен Жапония арасындағы тауар айналымы 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға өсті және 177,2 млн доллар болды, оның ішінде экспорт – 0,3 млн доллар, импорт – 176,9 млн доллар. Мегаполисте 12 бірлескен және 40 жапондық кәсіпорын тіркелген.
Мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аясында Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ сияқты университеттер мен Жапонияның Цукуба университеті, Токио университеті және т.б. ынтымақтастық орныққан. Қазақстандықтардың «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында жапондық 4 университетте білім алуға мүмкіндіктері бар. Алматыда 2002 жылдан бастап «Нархоз» университетінің базасында адами ресурстарды дамытудың Қазақ-жапон орталығы жұмыс істейді.