Сұрақ-жауап: Алатау ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

26.07.2023 22:41

Алатау ауданындағы жарық мәселесі келесі жылдың сәуір айына дейін толық шешіледі

Almaty.tv

Алатау ауданындағы жарық мәселесі келесі жылдың сәуір айына дейін толық шешіледі. Бұл туралы аудан тұрғындарының қала әкімімен өткен кезекті кездесуінде белгілі болды. Үш сағатқа созылған жиында шаһар басшысы азаматтарды толғандырған әр мәселеге жеке тоқталып, жауап қатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатаулықтарды алаңдатқан мәселе көп. Тұрғындардың айтуынша, Мәдениет ықшамауданына қарасты Қаражер көшесі атына «заты» сай. Кешқұрым жарықшамдар жанбайтын қараңғы көшеде тұрамыз деген тұрғын қала әкімінен мәселенің күрмеуін шешуді өтінді.

– Қаражер көшесі. Бүкіл Мәдениетке электр жарығын тартып берді де, Қаражер көшесіне жетпей қалды. Мен балаларымды уайымдаймын. Қараңғы, жарық жоқ, – деді Алатау ауданының тұрғыны Жайдар Данабекова.

– Алатау ауданында 378 көше жарықсыз отыр. Осы жылы күзге дейін біз жобалық-сметалық құжаттаманы бітіреміз. Дайын болсақ, келер жылы сәуір айында бастаймыз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Алатау ауданының тұрғындары газ құбыры жүргізілмегенін тілге тиек етіп, көмір жағуға мәжбүр екенін айтты. Бұл мәселе бойынша жауаптылар мердігер компанияның анықталып, қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Одан бөлек, аудан тұрғындарын толғандырған өзекті мәселенің бірі – кәріз жүйесі.

– Алғабаста кәріз жүйесі іске қосылған. Бірақ Рысқұлов даңғылынан Оңғарсынова көшесіне дейін оң жақтағы бірде-бір үйге құбыр тартылмаған. Ал енді  кеше ПИК төрағасы келіп, 1 тамыздан бастап осы жақтағы 50-ге жуық үйдің суын өшіретінін айтты. Кәріз құбырының салынбағанына біз кінәлі емеспіз, – деді Алатау ауданының тұрғыны Жанар Бердіғұлова.

– Рысқұлов даңғылының оң жақ қапталы үшінші жобаға енгізілген, бұл жұмысты маусым айында бастадық. Кесте бойынша келесі жылы қазу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ ПИК-пен сөйлесеміз, 1 тамыздан бастап суды ажыратпайды. Уайымдамаңыздар, – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

– Біз келесі жылы инженерлік жүйені іске қосамыз. Ол уақытқа дейін сіздерді сумен ПИК қамтамасыз етеді. Аудан әкіміне осы мәселе бойынша тапсырма беремін, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, шаһар басшысының аудан тұрғындарымен кездесуінде Алмалы тұрғын үй кешенінің жанында мектеп салу, Райымбек көшесіндегі ескі үйлерді бұзу, балалар алаңдарының тапшылығы сынды мәселелер  талқыланды. Мегаполис әкімі әр сұрақты мұқият қарастыруға уәде беріп,  жергілікті атқарушы органдарға айтылған мәселелерді шешуді тапсырды.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алатау ауданында 2 дәрігерлік амбулатория салынады