Алма Аманжолова: Алматымыз әдемі гүлденген бақ болуы керек

27.04.2024 22:43

Бүгін таңертеңнен жүздеген алматылық жасыл желек, соның ішінде алма ағашын жаппай отырғызуға шықты

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Акцияға бірқатар танымал алматылықтар, соның ішінде әншілер, актерлер, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен құрметті қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Алатау" дәстүрлі өнер театрының актрисасы Алма Аманжолова өзінің "жұлдызды" әріптестерімен бірге Алматының жасыл белдеуін көркейтуге өз үлесін қосты.

"Алматы-біздің ортақ үйіміз" науқаны бір айға жуық уақытқа созылды. Біз бүгін Алатау ауданында, алма ағаштарын отырғызатын ALA саябағының аумағындамыз. Менің ойымша, бұл біздің қаламыздың экологиялық ортасын сақтауға үлкен үлес қоспақ", - деді А.Аманжолова.

Шығармашылық зиялы қауым өкілі оның барлық әріптестері эко-бастаманы үлкен ынтамен қабылдағанын атап өтті.

"Біздер, әртістер, туған жерімізге деген сүйіспеншілігімізді тек ән, бимен ғана емес, осында игі шаралар арқылы да үлес қосуға дайынбыз. Болашақта қолдан жасалған осындай бақта барлық жергілікті тұрғындар, қаламыздың балалары серуендеп, өмірден ләззат алса, керемет болар еді. Біздің қала таза, жасыл әрі ең әдемі болуы керек. Мен Алматының жасыл белдеуін құруға қатысқаныма қуаныштымын", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, акция барысында 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Соның ішінде 4 мыңнан астам алма ағашы. Ал "Қарағай орманы" саябағының аумағында 500 алма мен өрік көшеттері, "ALA" саябағының аумағында 2270 көшет және Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңында мыңға жуық көшет отырғызылды.