Алматының Жетісу ауданында 4500-ден аса көпбалалы ана тұрады
Қабылдауға келгендердің мұң-мұқтажы ескерусіз қалмайды. Бүгін жалғызбасты және көпбалалы аналармен кездескен Жетісу ауданының әкімі осылай деді. Гүлнәр Көкебаева олардың көкейкесті мәселелерін мұқият тыңдап, барлық сұрақтарын жеке-жеке қарастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақжаулықты аналардың басым бөлігі үй алу кезегін жылжытуды сұрады. Одан бөлек, жергілікті биліктен атаулы әлеуметтік көмек алу жайын қозғады.
Аналарды алаңдатқан тағы бір мәселе ойын алаңдары мен абаттандыруға қатысты болды. Айта кетейік, Алматының Жетісу ауданында 4500-ден аса көпбалалы ана тұрады.
«Ай сайын жалғызбасты және көпбалалы аналармен «Бақытты отбасы» орталығында кездесіп тұрамыз. Олар да оны біледі, егер сұрақтары болса келіп, бірігіп мәселелерін шешеміз. Кездесуге жауапты тұлғаларды да шақырамыз. Бүгінгі кездесуге тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала мамандары қатысты. Халықты тіркеуге тұру, үй алу мәселелері алаңдатады. Мәселен, бүгін Айнабұлақта орналасқан №118 мектептің жайы сөз болды. Онда бала саны көп. Бұл сұрақ қарастырылатын болады», – деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева