Жер пайдалану саласындағы заңнаманың сақталуы – тұрақты бақылауда

19.05.2021 22:47

Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары мемлекеттік қордан жерді жалға алу мерзімі өтіп кеткен 1114 учаскені анықтады

forte.sale

Алматыда жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын учаскелерді анықтау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыс туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Басты бұзушылықтардың бірі – жер учаскелерін өздігімен басып алу, жалдау мерзімі өткен учаскелерді және мақсатсыз жер учаскелерін пайдалану. Мақсатты бағытты бұзған 2476 оқиға анықталды.

«Негізінен, жеке тұрғын үй құрылысына арналған мақсатты учаскелер коммерциялық мақсаттар мен кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылады. Осыған байланысты біз 862 тұлғаға қатысты 27,4 млн теңге сомасына айыппұл түрінде әкімшілік шаралар қолдандық, кемшіліктерді жоюды ескерттік»,– деді спикер.

Жерді өз бетінше басып алғаны үшін 950 адам жауапқа тартылып, оларға жалпы сомасы 216,5 млн теңге айыппұл салынды. Бұл ретте мемлекеттік қор жерлері есебінен жер учаскесінің көлемін ұлғайту орын алып отыр. Мұндай бұзушылықтар көбінесе жеке аулаларды бөлу, қоршаулар орнату, қоймалар түрінде қосымша құрылыстар жүргізу кезінде анықталады.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары мемлекеттік қордан жерді жалға алу мерзімі өтіп кеткен 1114 учаскені анықтады. Мұндай жағдайларда жергілікті атқарушы органдарға тиісті өтініш беру арқылы жалға алуды ұзартуға болады.