Халықтың өмір сүру сапасы шаһардың барлық ауданында бірдей жүзеге асуы керек - Ерболат Досаев

12.09.2022 22:49

Алматы қаласы Мәслихатының ХXV сессиясы өтті

Almaty.tv

2030 жылға қарай «Барлық» базарының орнына ірі мультимодальдық көлік торабы құрылмақ. Транспорттық хаб келешекте Батыс автовокзалын, LRT станциясы және метрополитенді қамтитын болады. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының 2025 -2030 жылдарғаға дейінгі даму жоспарын таныстыру барысында белгілі болды. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, халықтың өмір сүру сапасы шаһардың барлық ауданында бірдей жүзеге асуы керек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы әкімдігі мен түрлі сала сарапшылары Алматының қысқа және орта мерзімге арналған даму бағдарламасын 5 ай бойы жасап, бүгін стратегиялық маңызды құжатты жұрт назарына ұсынды. Жоспар қала мәслихатының 25-отырысында таныстырылды. Әкім Ерболат Досаевтың айтуынша, жоба әбден ел елегінен өтті, белсенділердің талап-тілегі ескерілді.

«Басты трендтері мен принциптері зерделенді, сын-қатерлер ескерілді, қала тіршілігінің барлық саласындағы жағдайға талдау жасалды, тұрғындардың мыңдаған өтінішіі қаралды. Нәтижесінде Алматы қаласының әкімдігі мен сарапшылар Даму бағдарламасының негізгі мақсаттарын айқындады. Бұл жайлы қалалық орта құру және Алматының барлық аудандарында өмір сүру сапасын жақсарту», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Иә, енді әкімдік қаланың барлық ауданына бірдей көңіл бөлмек. Ол үшін 5 полиорталық нақтыланып, әрқайсысы өзінің ерекшелігіне қарай дамиды. Мәселен қаланың батысында 2030 жылға қарай «Барлық» базарының орнында ірі көлік торабы құрылмақ. Солтүстік бөлікте ескі өндірістік орындар мен үйлер жойылып, орнына жаңа типтегі нысандар пайда болады. Үлкен Алматы каналының бойы демалыс аймағына айналады. Ал қаланың Батыс бөлігінде, Боралдай ауылы маңында 3-темір жол вокзалы салынады.

«Қалада полиорталық құру туралы бұған дейін де айтылып келді. Бірақ оған бүгінгідей мән берілмеді. Енді шаһардың әрбір шеті жан-жақты дамиды. Әр ауданында кем дегенде 300 мың адам бар. Әрқайсысы шағын қалаға татиды. Сондықтан шаһардың әр бөлігінде барлық жағдайы жасалған, жүріп-тұруға жайлы орталығы болады. Бұл керемет жұмыс», – деді Қазақстан қалақұрушылар одағының президенті, Алматы қала құрылысы кеңесінің президенті Любовь Нысанбаева.

Жастар жайы жақсарады. Алматыда оқу бітірген түлектердің 12 мыңға жуығы жұмыс таба алмайды. Бұл мәселені шешу үшін жұмыс берушілерді ынталандыру, оларға субсидия бөлу сияқты шаралар қабылданбақ.

«Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесі жылдан бастап қалалық карьера орталығы ашылады. Онда мемлекеттік органдар мен оқу орындары және жұмыс берушілер бірігеді. Жұмыс берушілерді субсидиялау бойынша тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылып, жыл сайын 10 мың жас жұмысқа орналастырылады», – деді  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

«Сонымен қатар, біз мединциналық көмек көрсету және қызметкерлердің біліктілігін арттыру әдістерін жетілдіруге бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Ол үшін 2023 жылы жұмысты үйлестіретін Ғылыми, оқу-әдістемелік және практикалық орталық ашылатын болады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін қалада 71 мектеп салынбақ. Бірнеше ауданда қосымша білім беруді дамытатын 4 заманауи орталық құрылады.

«Инфрақұрылымның дамуынан басқа кадр мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Оларды қайта даярлау, кәсіби деңгейін арттыру. Тек қана кеңес үкіметінің педагогикасындағыдай жаттап алып оны қайтадан айту емес. Мына функционалды сауаттылық дейді, функционалдық құзыреттілік. Алматы қаласының барлық мұғалімдерінің кәсіби деңгейін арттыру ойда бар», – деді  Мәскеу болат және қорытпалар институты Ұлттық университетінің білім жөніндегі директоры Нұрлан Қиясов

Жиында Алматы агломерациясын дамыту туралы арнайы заңнама қажеттігі, бірыңғай көлік қатынасы да сөз болды. Сондай-ақ экология мәселесі көтерілді. Қаладан шығатын қоқыстың бәрі Алматы облысындағы полигондарға жіберіледі. Осыны ескерген мамандар 2027 жылы жылына 500 мың тонна электр энергиясын өндіретін және қалдықтарды толық кәдеге жарататын қоқыс өңдеу зауытын салуды жоспарлаған.

«Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін полигондарды рекультивациялауды агломерацияның кешенді жоспарына енгізу маңызды. Қазіргі кезде халық пен ұйымдардың қоқыс жинаудың бөлек әдісіне көшуі бойынша ынталандырушы бағдарламалары жоқ. Сондықтан қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп жатырмыз», – деді  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін цифрлы карта қалыптаспақ. Ол бизнес ортаның жағдайы мен қажеттіліктері, қолайлы орын табу сияқты көптеген функциясы бар жүйе жасалады.

«Мемлекет барлығына қолжетімді болатын спорттық инфрақұрылымды әрі қарай да дамыта бергені дұрыс. Әлемдік трендтер мен міндеттерді, көпфункционалды қызметті де ескергені жөн. Осындай түсінікті әрі анық стратегиялық жоспарды көрген бизнес өкілдері де бұл іске қуана араласады деген ойдамын», – деді   «M-Line property management» ЖШС бас кеңесшісі Сергей Апенко.

2030 жылға дейін жоспарланған бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жалпы 6 триллионнан астам теңге қажет екен. Бұл қаржының жартысынан астамы жеке инвестициялар арқылы іске аспақ.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы