Алматының Достық шағынауданында жаңа кәріз жүйесі салынады

13.02.2023 22:50

Әуезов ауданының әкімі тұрғындармен кездесті

Almaty.tv

Биыл Алматының Достық шағынауданында 13 шақырымға жаңа кәріз жүйесі салынады. Нәтижесінде 800 шақты үй орталық жүйеге қосылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов Достық ықшамауданының тұрғындарымен кездесті. Басты мәселе – сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесін салу. Көпшілік Алматы әкімі Ерболат Досаевпен өткен кездесуде мәселеге қатысты сұрақ қойған болатын.

«Тұрғындарды мазалаған сұрақты білемін. Шағынауданда 2,5мың тұрғын бар. 759 үй кәрізсіз отыр. Достық шағынауданында 22 көшеде кәріз жүйесі салынады», – деді  Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Аудан басшысы халыққа жобаны түсіндірді. Оның айтуынша, бұл жобаға  1 млрд теңге қажет. Әуезов ауданы әкімдігі қаражатты мәслихат сессиясында бюджеттік өтінім беру арқылы алмақ. Халық жұмысқа бір кісідей атсалысуға ниетті.

«Дастан көшесінен жоғары Шаляпин көшесіне дейін кәріз жүйесін жасалмаған. Әкімнің айтуынша, биыл 13,5 13 шақырымға кәріз жүйесі салынады. Қуанып отырмын, біз де көмектесеміз», – деді  қала тұрғыны Ғали Ахметов.

Айта кетейік, Әуезов ауданында бірнеше учаскеде кәріз жүйесі 1960 жылы салынған, олар 80 пайыз тозған. Мамандардың айтуынша, биыл жұмыс басталып, 2024 жылы толығымен аяқталады. Бастама 11 мыңнан астам абонентті сапалы су және кәрізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы