Алматыда биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 1 мыңнан астам адамға грант бөлінеді

26.02.2021 00:10

Аспаз, визажист, тігін ісі, кондитер курстарына сұраныс жоғары

«Бизнес Бастау» бағдарламасы шеңберінде оқу курстарынан өтіп, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз ақша алған 1705 адам жеке бизнесін бастауға үлкен мүмкіндік алып отыр. Көпбалалы, жалғызбасты аналарға және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін қалалық «Бақытты отбасы» орталығына былтыр 9 мыңнан астам адам тіркелген болса, биыл бұл тізімге ер адамдар да еніпті. Оларға 1 наурыздан бастап заманауи «Барбер шоп» үлгісі бойынша шаштараз мамандығын игеру курстары ашылмақ. Ал биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 1 мыңнан астам адамға грант бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2019 жылы «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы «Бақытты отбасына» барған Шолпан Жамбылқызы осы бағдарламалар шеңберінде 3 бірдей мамандықты игеріп шыққан. Орталықтан компьютерлік курстарды оқып жүріп, «Бизнес Бастау» бойынша да оқуын жалғастырған. Ұтып алған грантына кәсіпкер шаштараз мамандығына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, сұлулық салонын ашқан. Бұл істі ашуына «Бақытты отбасының» көп көмегі тигендігін айтты.

«Осы орталықта бірінші компьютерлік курсты 2 ай оқыдым. Сонымен қатар «Бастау Бизнесті» де қатар алып жүрдім. Оқып бітіргеннен кейін бірден визаж курстарына жазылдым.  Сұрақтар туындаса осы жерден толық мағлұмат алып, мәселенің шешілуіне көмектеседі», – дейді кәсіпкер Шолпан Әбікенова.

Аспаз, визажист, тігін ісі, кондитер курстарына сұраныс жоғары. 1 топта 15-20 адам оқыса, 1 айда 80-100 анаға дейін курстарды бітіріп шығады екен. Бұдан бөлек, қаланың 8 ауданында орналасқан «Бақытты отбасы» орталығына жүгінгендер психолог, заңгер мамандардың, әлеуметтік қызметкерлердің де көмегін ала алады.

«1 айлық курсты оқыған аналар өз кәсібін ашуда. Қазіргі уақытта 505 мыңды жеңіп, қажетті құрал-жабдықтарды алып, кәсіптерін дөңгелетіп жатыр», – дейді қалалық «Бақытты отбасы» орталығының психологы Әсем Байділданова.

Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасы бойынша биыл 1 мыңнан астам адамды қысқамерзімдік курстардан өткізу жоспарланып отыр. Тағы 1 мың адамға қайтарымсыз грант бөлу қарастырылған.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы