Конференция барысында мәдениет қайраткерлері, бизнес өкілдері мен жастар қазіргі қоғамның дамуындағы ұлттық мәдениеттің маңыздылығын талқылады
Алматы жұртшылығы бүгін қазақтың біртуар азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті еске алды. «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» деген атпен өткен конференция қайраткердің үлгілі ғұмыры мен ұлт мәдениетіне қосқан ерен еңбегіне арналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Наурыз мейрамының жандануы, Тайқазанның оралуы, тарихи ескерткіштердің жаңғыруы. Бұл – Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан ең жарқын үлестерінің бір парасы. Бүгінде оның ана тілі мен салт-дәстүрді жаңғыртуға жасаған еңбектерін жұрт жарыса айтады. Әріптестері мен шәкірттері ерекше көңілмен еске алады.
«Ол кісінің қасында отырып, сабақ алғандай боласың. Кеміңді толтырып, жоғыңды тауып отырасың. Кез келген адам, кез келген нәрсе туралы пікір айтады. Оны жайшылықта сұрай алмайсыз. Мен олжалы болып, қасынан шықпайтынмын», – деді жазушы, Ө. Жәнібековтің шәкірті Жарылқасын Нұсқабай.
Ауқымды еске алу жиыны Алатау төрінде өтті. Өзбекәлі Жәнібековтің Қожа Ахмет Яссауи, Қарахан, Айша Бибі сияқты бірегей кесенелерді сақтап, қалпына келтіргені бүгінде аңыз боп айтылады. Музей ісінің қалыптасуына да мол үлес қосты.
«Қазақ деген халықта архитектура жоқ» деген кереғар пікір туындап тұрған заманда, оның жалған екенін дәлелдеп, қаншама жәдігерді қалпына келтіруге еңбек сіңірді. Қазақ жерінде қаншама ұлттық, танымдық, этнографиялық театр мен музейдің пайда болуына тікелей өзі басшылық жасаған адам», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Көз көргендер мәдениет министрі болып тұрған тұста айналасына адал қызметкерлерді жинап, көпке іскерлік, ұйымдастырушылық қасиетімен де үлгі болғанын айтты.
«Қарапайымдылығы сонда, ол мына газеттің кез келген қызметкеріне звондай беретін. Ол басшылармен сөйлеспейтін. Маған өзіме талай хабарласып, талай тақырып көтердік. Газетке шыққан материалды талдап, ақылдасып сұхбат береді. Ұлттың мәдениетіне Құдайдың берген адамы, мінезді де берген», – деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.
«Жаңа Қазақстанда Өзағамды іздеп жатқанына шын ниетіммен қуанып, сонау Түркістаннан келдім. Өзағаның еңбектерінде қазақ халқы алатын өнеге бар. Қазір өзіміздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздан жаңылып келеміз», – деді Ө. Жәнібектің немере қарындасы Айғаным Серім
Жылы естеліктермен қатар көпшілік назарына қайраткердің өмірі мен қызметі туралы көрме ұйымдастырылды. Жастар мен қаламгерлер ұлттық мәдениет төңірегінде түрлі мәселе көтеріп, дәріс оқылды.
Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» теларнасы