«Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағында тазалау жұмыстары жүргізілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Соның аясында «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағының аумағында тазалау жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бастаманың негізін «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» «Алматы - біздің ортақ үйіміз» науқанымен байланыстыра отырып, жүзеге асырды. Бірлестік тарихи-мәдени құндылығы бар нысандарды көріктендіруді жыл сайын ұйымдастырады.

– Алматы қаласының аумағында мемлекеттің қорғауына алынған 161 ескерткіш бар. Соның бірі әрі бірегейі – «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі. Ол музейлер бірлестігінің қарамағында Алматыда 430 гектар жерді алып жатыр. Археологиялық ескерткіштердің сақталып қалуы – мақтаныш, – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.

Саябақ аумағында 47 сақ қорғаны мен 200 үйсін қорымы орналасқан. Шамамен біздің заманымызға дейінгі V-II ғасырға тиесілі. Тарихи жәдігерлерімізді сақтау, қорғау аса маңызды. Сондықтан жасыл желектерді көгалдандыру, гүлзарлар мен ағаштарды отырғызу жұмысын жүргізу дәстүрге айналған. Бұл жолы сенбілікке өнер адамдары мен мектеп оқушылары да атсалысты.

– Арманым – 33 ағаш отырғызу.  «Неше жаста болсаң, сонша тал егу керек» деген түсінік бар. Соны жүзеге асырсам деймін. Жақсы іске себепші болудың өзі ерекше сезім сыйлайды, – деді актриса Альмира Тұрсын.

– Көктемде қорғанға келіп, тазалап отырамыз. Тарих бізден басталады деп ойлаймын, – деді оқушы Ақбота Құсыпбек.

Оқи отырыңыз: Біз таза қала үшін: алматылық оқушылар тазалық патрульдері акциясына қатысты

Новости партнеров