Алматыда коронавирус инфекциясын анықтайтын жылжымалы зертхана құрылды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
ПТР-тест талдауларын қабылдайтын зертхананы отандық құрылысшылар жасаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавирус инфекциясын анықтайтын жылжымалы зертхана құрылды. ПТР-тест талдауларын қабылдайтын зертхананы отандық құрылысшылар жасаған. Талдау орталығы қазір қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының аумағына орналастырылған. Ал, зертхана күніне 500 адамның ПТР-тестке тапсырған биоматериалын қабылдауға қауқарлы. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Коронавирус індетінің дендеп тұрған кезінде тапсырған ПТР тесттерден сапалы әрі нақты нәтиже алу бүгінде өте маңызды. Сол үшін Алматыда ертеңнен бастап Ковид-19 инфекциясын анықтайтын жаңа жылжымалы зертхана іске қосылады. Жоба еліміздің және халықаралық нормаларға сай жасалыпты. Талдаудың барлығы дерлік автоматтандырылған. Мұндай бастаманы Алматы қаласының әкімдігі қолдап, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жанынан орын бөлген.

«Бұл зертхананың ерекшелігі  –  оны кез келген жерге көшіруге болады. Қазір инфекцияның ошағы көбейіп жатыр. Бүгін осында болса, ертең басқа қалада шығуы мүмкін. Зертхананың құрылғылары Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея елдерінен әкелінген. Ал жобаны жасау үшін Еуропа елдерінің мамандарының кеңесіне жүгіндік. Әзірге екі зертхана жасалды», – деді компанияның машина жасау жобалары бойынша директоры Павел Беклемишев.

Мұндай талдау орталығын алғаш рет жасақтаған отандық машина жасаушылар 3 ай уақыт жұмсаған. Бірақ енді қажет болып жатса зертханаларды 1,5 айдың көлемінде жасауға болады дейді мамандар. Жылжымалы орталыққа қала емханаларында жасалған ПТР-тесттердің биоматериалдары қабылданбақ. Зертхана күніне 500 ПТР-тесттің нәтижесін шығаруға қауқарлы.

«Емханаларда жасалған тест үлгілері осы біздің зертханаға жеткізіледі. Әкелінген үлгілер медицина қызметкерлеріне жұғып кетпеуі үшін инактивациядан өтеді, яғни вирус толығымен жойылады. Әрі қарай үлгіден генетинкалық материал алынады. Сосын ол ПТР-машинаға салынып, сонда коронавирустың бар-жоғы анықталады. Бұл процесстің бәрі автоматтандырылған құрылғыларда жүзеге асады», – деді жылжымалы зертхананың жетекшісі Мира Жарова.

Жалпы талдау нәтижесі 4-5 сағатта белгілі болады. Әзірге мұнда 2 зертхана дәрігері жұмыс жасайды. Егер қажеттілік туса, онда мамандар саны көбеймек.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров