Елбасы Қазақстан халқына жылы лебіздер мен қолдау үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нұрсұлтан Әбішұлы әлем жұртын әбігерге салып жатқан коронавирусты жеңетінімізге сену керек деді. Өзі де вирус жұқтырған кезде халықтың қолдауын сезінгенін айтып, ризашылығын жеткізді
«Мен өз басымнан өткіздім ол қиыншылықтарды. Осы кезде жанашырлық білдірген барлық жерлестеріме, отандастарыма шын көңілімнен тағы бір ризашылығымды айтқым келеді. Қазақстанның әр саласынан, әр түкіпірінен, әр өнеркәсіп пен мәдениеттен, спорттан, денсаулық сақтау жүйесінен маған айтып жатқан тілектеріңіздің арқасында күш-қуат алып, емделіп шықтым. Көп рахмет! Қазір де сырқаттанып жатқан жандар бар.
Қиналып жатқан жандар бар, солардың баршасына аман-есен шығады деп сенемін. Себебі оған сену керек, көнбеу керек, жеңу керек. Біз одан күштіміз деп санасаңдар, сонда біз барлығын жеңеміз. Біз көп нәрсені жеңіп келе жатқан батыр бабалардың ұрпағымыз. Одан да өтеміз Құдай бұйыртса! Ендігі жолда менің туған күніме байланысты бүкіл дүниежүзінен, бүкіл қазақстанның түкпір-түкпірінен құттықтаулар мен ізгі тілектерді алып жатырмын.
Күнде оқып жатырмын, дүниежүзінің ел басылары менімен жұмыс істеген дүниежүзінің қайраткерлері, саясаткерлер баршаларыңызға рахметімді айтып, шын көңілімнен үлкен табыс, бақыт тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бұл нәубеттен де біз өтеміз. Ертеңгі күні жүзіміз жарқын боп, талай кездесетін боламыз», – деді Қазақстан республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.