Алматыда Оқушылар сарайының алаңында жыл соңына дейін реконструкция жасалады. Бірақ жөндеудің жобасы өзгерген. Яғни жаңа жоспарға сәйкес, аталған аумақтың тарихи қалпы сақталып, тиісінше жаңарту жұмыстары жүргізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаладағы тарихи-мәдени мұра саналатын нысанға күрделі жөндеу жүргізілмегелі биыл 15 жылдан асып отыр.
БЛИЦ:
Саябақты жаңарту бойынша алғашқы жоба 2018 жылы әзірленген. Оған сәйкес, жасыл желектер оталып, алаңның бастапқы бейнесі өзгертілуі керек еді. Ендігіде, тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым негізге алынып, қайта құрудың жаңа жоспары бекітіліп отыр.
«Жаяу жүргіншілер жолы сол қалпы, ештеңесі өзгермейді. Тек қатты жабынды брусчатка саламыз. Брусчаткаларды ауыстырамыз және де жарықшамдары ауысады. Аз ғана өзгеріс болады. Соңғы жоба бойынша негізгі тарихи келбеті өзгермейді. Сондықтан да тұрғындармен кездесіп, түсіндіріп беріп отырмыз», – деді Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаев.
Нақтылай кетсек. Жобада қарастырылған негізгі жұмыстарға мұндағы суару мен жарық жүйесін қалпына келтіру, ойын алаңдарын жасау, сондай-ақ жүргіншілер инфрақұрылымын жаңарту жатады. Көпті алаңдатқан гранит жабындары қайта орнатылатынын айта кеткен жөн. Жасыл желектің жайы да белгілі болды.
Қазір сарай аумағында 889 ағаш бар. Жаңа жобада мұндағы жасыл желектің санын арттыру көзделіп отыр. Яғни, жыл соңына дейін тағы да 420 қылқанжапырақты, жапырақты тал егіледі деген сөз. Аймақта ағаштың саны 47 пайызға артады.
Аумағы 5 гектар болатын алаңда реконструкция 2 апта бұрын басталған. Мамандар биылғы қарашаның соңына дейін тиісті жұмыстар аяқталады дейді.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы