Карантин кезінде несиесін төлей алмаған кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалады

17.06.2020 22:54

Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерін қосымша қолдау туралы бұйрық шықты

Almaty.tv

Төтенше жағдай мен карантин кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге несиелері бойынша жеңілдіктер жасалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту бойынша агенттік төрағасы шағын және орта бизнес өкілдерін қосымша қолдау туралы бұйрыққа қол қойды. Енді қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер банктен алған қарызы мен шағын несиені өтеу уақытын кейінге қалдыруға немесе қайта қаржыландыруға өтініш бере алады. Одан кейін кредиттік ұйым кәсіпкердің қаржылық жай-күйін, қызметіне келтірген шығынды бағалайды. Егер қаржылық жағдайдың нашарлауына объективті себептер түрткі болса, көмектің екі нұсқасы ұсынылады.

«Көмекті алу үшін кәсіпкер өзінің банкіне немесе микро қаржылық ұйымына өтініш жазуы керек. Біріншіден, егер кредиттік ұйым мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысушы болса немесе қарыздарды және микрокредиттерді қайта құрылымдаудың ішкі тәртібі бойынша қатысқан жағдайда көмек көрсете алады. Екіншіден, қаржылық жай-күйі мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін белгілі бір кезеңге төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылады. Оның мерзімі кемінде күнтізбелік 90 күнді құрайды», - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары Ерлан СЕЙІЛОВ.