7 жасында арбаға таңылған Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғаумен айналысады
Күні кеше қала күнінде 5 адам Алматы қаласының құрметті азаматы атанды. Соның бірі – бүгінгі тақырыбымызға арқау болған кейіпкер Қалтаева Ләззат Молдабекқызы. Мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғап жүрген нәзікжандыға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев осынау атақты өз қолымен табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетсек, жоғары марапат шаһардың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға жылына тек бір рет қала күнінде беріледі.
Ләззат Молдабекқызы – «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының төрайымы. 7 жасында арбаға таңылған алматылық әрбір қоғам мүшесінің мүмкіндігі тең екенін дәлелдеп жүр. Дәл осындай ұранмен 2 жыл бұрын «Тең қоғам» орталығының негізін салды. Мекемеде өзі сияқты жігері жасымаған 20 қызметкер жұмыс істейді.
«Бүгін біз қаланың азаматтық қоғамы мүгедектігі бар жандардың үлесін бағалай алатынына куә болып отырмыз. Біз еліміздің, қаламыздың дамуына ұдайы өз үлесімізді қосуға дайынбыз», - деді «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева.
«Тең қоғам» орталығының ашылуымен бүгінгі кейіпкеріміз көптеген қала тұрғынына жақсылықтың үміт отын жақты. Ондағы қызметкерлер мүгедек жандардың қалыпты өмірге бейімделуіне, қабілетіне қарай жұмысқа орналасуына көмектеседі. Сондай-ақ, орталықта заңгер, психолог және тағы да басқа сала мамандары бар. Ләззат Молдабекқызы кембағал жандарға мүмкіндік ашу жолында жемісті нәтижеге жеткеніне қуанады.
«7-8 жыл бұрын мүгедектігі бар жандардың бар қалауы тек жәрдемақының көтерілуімен ғана шектеліп қалатын. Қазір олар қоғамның өміріне араласып, толыққанды ғұмыр кешуде. Бұған мол мүмкіндіктер жасалған. Зағип жандарға арналған тактильді жол, пандустар тіпті қоғамдық көліктерге дейін орнатылды. Бұл, әрине өте жантебірентелік жағдай», - деді Алматы қаласының құрметті азаматы Ләззат Қалтаева.
Айта кетейін, құрметті азаматтыққа ұсынылған алматылықтардың кандидатурасы комиссия отырысында жіті қаралады. Биыл жоғары марапатқа Ләззат Қалтаева, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, өнертанушы Юрий Аравин, спорт саласына елеулі үлес қосқан Темірхан Досмұхамбетов және сәулетші Тоқтар Ералиев ие болды.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы