Akimat live бағдарламасында қойылған сауал бойынша қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жергілікті әкімдікке мәселені тез арада шешуді тапсырды
Бір жылға жетпей қирап жатқан спорт алаңы. Жиі жарылатын су құбыры мен жетіспейтін тіршілік нәрі. Наурызбай ауданындағы «Алма Сити-2» тұрғын үй кешенінде осы мәселе мезі болған. Тұрғындар аталған проблемалардан шаршағанын айтып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан Akimat live бағдарламасына хабарласқан еді. Тұрғын айтқан түйіткіл қашан және қалай шешілмек? Құрылыс компаниясы не дейді? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек тарқатып айтсын.
Akimat live бағдарламасында қойылған сауал бойынша қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жергілікті әкімдікке мәселені тез арада шешуді тапсырды. Жылға жетпей сынып жатыр деген спорт алаңының құрылғыларын өз көзімізбен көрмек болып, тұрғын айтқан мекенжайға жеттік.
Бұл спорт алаңының сыртқы сиқы сұлу болғанымен, құрылғылары қазірдің өзінде сыр беріп жатыр. Орнатылған жабдықтар бірнеше рет дәнекерленген. Ал оны қайта-қайта жөндеп жалғағаннан еш нәтиже жоқ.
Иә, мұндағы темірлердің мерзімінен бұрын тозып кеткені көрініп тұр. Кейбіреуінде тіпті жаттығу жасау қауіпті. Құрылыс компаниясы бұл алаңды орнатқан мердігермен қазір соттасып жатыр екен. Спорт құрылғыларын шығаратын отандық компания жөндеуден бас тартқан көрінеді.
«Кейбір детальдары жаңағы балабақшалардың сапасына сай келмегендіктен, біз зауыт өніміне хабарландыру жібердік. Жаңадан ауыстырып, қайтадан орнату жөнінде. Оған біздің тарапымызға келісім бермеді. Сондықтан қазір бізде сот арқылы, қайтадан сот жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді құрылыс компаниясының өкілі Гүлнұр Әбішева.
Енді құрылыс компаниясы сот шешімін күтпей, өз қаражатына жаңа балалар алаңын орнатпақ. Осылайша олқылықтың орнын өздігінен толтырмақшы.
«Құрылыс салушы компания ақпаратына сай қазіргі уақытта бұлар сот шешімін күтпей қосымша жаңадан ойын, спорт алаңдарын сатып алды. Бұл сатып алған мафтар қысқа мерзім ішінде орнатылатын болады», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дандыбаев.
Ал, жақында жарылған су құбыры қалпына келтірілген. Оның не себепті жиі істен шығатыны қазір анықталып жатыр екен.
«Ол құбырдың үлгісі алынып, тиісті сертификацияға жіберілді. Егер экспертизада оның спапасы дұрыс емес деп келетін жағдайда, біз өз тарапымыздан жаңадан жаңағы құбырларды ауыстырып шығамыз», – деді құрылыс компаниясының өкілі Гүлнұр Әбішева.
«Алма Сити-2» тұрғын үй кешенінде мыңнан астам пәтер бар. Дөңгелене салынған үй былтыр ғана қолданысқа берілген. Тұрғындар талабын құрылыс компаниясы жақын арада орындаймыз деді. Жалпы, Наурызбай ауданында 83 аула бар. Оның 75-і күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Биыл кепілді мерзімі өткен 11 аула жаңартылуда. Сонымен қатар, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша «Бюджетке қатысу» жобасы аясында қосымша 6 аула салынып жатыр.
Өмір Әнурбек, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы