«AЛМА FEST» фестиваліне келген көпшілікке 100 тонна алма ұсынылды

18.09.2022 22:59

Қала тұрғындарын құттықтауға шаһар басшысы Ерболат Досаев та арнайы келді

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

«AЛМА FEST» фестиваліне келген көпшілікке 100 тонна алма ұсынылды. Жергілікті сорттың дәмін татып, қала тұрғындарын құттықтауға шаһар басшысы Ерболат Досаев та арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала күнінде алма фестивалін өткізу алматылықтар үшін дәстүрге айналған. Бүгін де бұл мәдени, ойын-сауық кеші Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара аясында түрлі алаңқайлар тақырыпқа сай безендіріліп, келгендерге кәдесый ұсынылды.

Дәстүрге айналған «AЛМА FEST» бүгін таңғы сағат 10:00-де басталды. Келген кісінің қарасы көп. Оларға арнап этно, кино және базар алаңдары дайындалыпты. Ұлттық спорт түрінен күш сынасып жатқандар да аз емес. Фестивальде келушілердің суретке түсуіне қолайлы болуы үшін арнайы инсталляциялар ұйымдастырылған. Одан бөлек, этно орындар мен қылқалам шеберлеріне арналған плэнер аймақтар да бар.

«Алматыда тұрғаныма 20 жыл уақыт болды. Алматы өзінің әрбір ерекшелігімен жылдан жылға көркейіп келе жатыр. Әрқашан көркейе берсін, қазағымыз аман болсын», – деді қала тұрғыны Клара Ераханова.

«Мыңжылдық тарихы бар әсем қала Алматының мерекесіне келіп, атсалысып, көңіл-күйіміз көтеріліп жатыр. Меніңше, бүгінгідей қиындау заманда осындай мерекелердің маңызы бұрынғыға қарағанда артығырақ шығар», – деді қала тұрғыны Нұртай Алмұратов.

«Қаламды сүйем! Алматыда 1973 жылдан бері тұрып жатырмын. Бұл уақыт аралығында қаншама бақытты сәттер өтті. Рақмет! Дамып, өсіп, өркендей берейік», – деді қала тұрғыны Людмила Нарожная

Алматының да, «AЛМА FEST» де символына айналған жеміс бүгінгі фестивальдің көркі болды. 

Кең ауқымдағы жәрмеңкеден көпшілік қалыс қалмады. Бұл қатарда қала әкімі де бар. Ол жиналған көпшілікті қала күнімен құттықтап, мерекенің жоғары деңгейде өтіп жатқанын қуана жеткізді.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы