Қазіргі таңда Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне 160 нысан енгізілген
18 сәуірде бүкіл әлемде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні атап өтіледі. Бұл күн ЮНЕСКО және Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды сақтау кеңесі тарапынан тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау мәселелеріне назар аудару мақсатында бекітілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы еліміздің тарихи-мәдени мұрасының негізгі орталықтарының бірі болып саналады. Мұнда ежелгі көшпелілер дәуірінен бастап тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіне дейінгі аралықты қамтитын бірегей ескерткіштер кешені шоғырланған.
Қазіргі таңда Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне 160 нысан енгізілген. Оның ішінде 34-і республикалық маңызға ие болса, 126-сы жергілікті маңыздағы ескерткіштер. Бұл нысандар қаланың тұтас мәдени ландшафтысын қалыптастырады: 92-сі – сәулет және қала құрылысы, 50-і – монументалды өнер, 12-сі – археология, 5-еуі – ансамбльдер мен кешендер, 2-еуі – сакралды нысандар.
Қала тарихының тамыры тереңде. Бұған археологиялық ескерткіштер, соның ішінде Боралдай сақ қорғандары дәлел бола алады. Аумағы шамамен 430 гектарды құрайтын бұл ірі некрополь ерте көшпелілер өркениетінің маңызды айғағы болып табылады. Некрополь 47 сақ және үйсін қорғанынан тұрады. Қорғандар оңтүстік–солтүстік және оңтүстік-батыс–солтүстік-шығыс бағытында тізбектеле орналасқан. Ең ірі қорғанның биіктігі 14 метр, диаметрі 100 метрге жетеді. Сондай-ақ биіктігі 5–6 метр, диаметрі 60–80 метр болатын қорғандар және орташа (3 м / 30–40 м) мен шағын (1–1,5 м / 10–20 м) қорғандар кездеседі.
Қаланың рухани дәстүрі діни және ұлттық батырларға қатысты ескерткіштерде жалғасын табады. Солардың бірі – Райымбек батыр кесенесі. Бұл XVIII ғасырдағы көрнекті қазақ батырына арналған маңызды сакралды нысан. Халық жадында Райымбек батыр тек қолбасшы ғана емес, рухани тұлға ретінде қалыптасқан. Бүгінде кесене халықтық тағзым орны әрі қаланың сакралды географиясының бір бөлігі болып қала береді.
Мәдени және зияткерлік мұраны сақтауда музейлердің рөлі ерекше. Солардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі бар. Мұнда қазақ ғылымы мен ағартушылығының негізін қалаушылардың бірі Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы ұсынылған. Мұндай нысандар көрнекті тұлғалар туралы тарихи жадыны сақтап қана қоймай, қаланың білім беру кеңістігін қалыптастырады.
Алматыдағы көптеген ескерткіштер кеңестік кезеңмен де тығыз байланысты. Бұл уақытта қала әкімшілік және мәдени орталық ретінде қалыптасты. Сол дәуірдің маңызды нысандарының бірі – қазіргі ҚБТУ ғимараты (бұрынғы Үкімет үйі). Бұл ғимарат Қазақстанның тәуелсіздік тарихында ерекше орын алады: дәл осы жерде 1991 жылы тәуелсіздік туралы декларацияға қол қойылған.
Қаланың монументалды өнері еліміздің заманауи тарихының маңызды кезеңдерін бейнелейді. Соның ішінде Қазақстан Тәуелсіздігі монументі ерекше орын алады. Республика алаңында орналасқан бұл ескерткіш мемлекеттік тәуелсіздік пен ұлттық жаңғырудың символы болып табылады. Композициядағы «Алтын адам» бейнесі қазіргі заман мен ежелгі дала өркениеті арасындағы сабақтастықты көрсетеді.
Тарихи жадының жалғасы ретінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына арналған «Тәуелсіздік таңы» монументі де ерекше мәнге ие. Ол еркіндік пен тәуелсіздікке деген ұмтылысты бейнелейді.
Алматының сәулет мұрасы әртүрлі стильдер мен дәуірлердің үйлесімімен ерекшеленеді. Соның жарқын үлгілерінің бірі – Вознесенск кафедралды соборы. ХХ ғасырдың басында ағаштан салынған бұл бірегей ғимарат инновациялық құрылыс технологиясымен тұрғызылған. Ол жойқын жер сілкінісінен аман қалып, беріктік пен инженерлік шеберліктің символына айналды.
Алматының басты ерекшеліктерінің бірі – тарихи құрылыс пен табиғи ландшафттың үйлесімді байланысы. Қала Іле Алатауы баурайында орналасып, сәулет және мәдени ескерткіштерді тірі қалалық кеңістіктің ажырамас бөлігі ретінде қалыптастырады.
Осылайша, Алматының тарихи-мәдени мұрасы – бұл тек жекелеген нысандар жиынтығы емес, қоғам эволюциясын, рухани құндылықтарды және мәдени бағдарларды бейнелейтін тұтас жүйе. Бұл мұраны сақтау мен насихаттау ұлттық бірегейлікті нығайту мен қаланың мәдени әлеуетін дамытудағы маңызды міндет болып табылады.
Оқи отырыңыз: Зияткерлік дода: Алматыда республикалық пікірсайыс турнирі қалай өтті